Қазақстанда 91 адам COVID-19 дертінен айықты

Алматы көшесіндегі жедел жәрдем.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 5 мамыр 16.30-ға дейінгі мәліметіне сай, елде сейсенбі күні 91 адам COVID-19 дертінен айықты. Олардың көбі - Алматы қаласы (22) мен Нұр-Сұлтан қаласында (17).

Қазір елде 4160 адамнан (сейсенбіде 111) вирус табылды. Оның 1264-і аурудан жазылды. 29 адам қайтыс болды.

Дерттен айыққандар мына аймақтарда:

  • Нұр-Сұлтан қаласы – 320
  • Алматы қаласы – 210
  • Қызылорда облысы – 140
  • Ақмола облысы – 89
  • Қарағанды облысы – 79
  • Атырау облысы – 78
  • Шымкент қаласы – 61
  • Түркістан облысы – 52
  • Жамбыл облысы – 51
  • Батыс Қазақстан облысы – 41
  • Алматы облысы – 39
  • Ақтөбе облысы – 33
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 27
  • Қостанай облысы – 15
  • Павлодар облысы – 12
  • Маңғыстау облысы – 9
  • Шығыс Қазақстан облысы – 8

Қазақстанның бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова елде коронавирус тарауы тұрақталып келе жатқанын, кейінгі екі аптада инфекция тарауы 7 пайыздан төмен екенін айтқан.

Есмағамбетованың сөзінше, наурызда дертке шалдыққандармен байланыста болғандардан және шетелден келгендерден вирус табылса, сәуірде 1862 адамнан ( 52%) вирус профилактикалы тест алу кезінде анықталған.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 13 наурыз – 4 мамыр арасында 306 861 адамнан анализ алынған. Министрлік мамырдың соңына дейін 5300 адамға вирус жұғады деп болжайды.

Елде коронавирус тарауына байланысты 11 мамырға дейін төтенше жағдай және карантин жарияланған.