Түркістан облысында көрші елден келген судан зардап шеккен тұрғындарға өтемақы беріледі, тұрғындардың бір бөлігі көшіріледі. Сәрсенбі күні су басқан елді мекендерді аралаған үкімет комиссиясы өкілдері осындай шешім қабылдаған. Бұл туралы премьер-министр сайты жариялады.
"Мемлекеттік комиссия су басқан ауылдардың әр тұрғынына 100 мың теңгеден өтемақы төлеу туралы шешім қабылдады. Мырзакент төңірегінде Достық, Жаңа тұрмыс және Жеңіс ауылдарының тұрғындары қоныс аударатын жаңа шағын аудан салынады" делінген сайтта.
Сайттағы ақпаратқа сәйкес, су басқан Фирдоуси және Өргебас ауыл тұрғындарына үш түрлі ұсыныс айтылған: биліктің көмегімен басқа жаққа көшу немесе ауылда қалып, үйлерін жөндеткізу немесе үкімет аударған қаржыға өз бетімен үйлерін жөндету. Билік өкілдері сонымен бірге тұрғындарға су шайып кеткен егістік пен мал шығынын өтеуге уәде берген.
1 мамырда Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасы жарылып, айналасындағы ауылдарды су шайып кеткен. 1 мамыр түнде Сардобаның суы Қазақстанның оңтүстігіндегі, қазақ-өзбек шекарасында орналасқан Абай каналына жетіп, Мақтарал ауданындағы бірнеше ауылды су алған. Осыдан соң Мақтарал ауданында төтенше жағдай жарияланды.
Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, Мақтарал ауданында 14 ауылдың 31 мыңнан астам тұрғыны эвакуацияланған. 845 үй, 3 мектеп, 5 балабақша, 4 медицина ғимараты мен мәдениет үйі және 54,7 км көпір мен жолды су алған. Бұдан бөлек, 7639 гектар егістік су астында қалған.
Бұған дейін үйінен, малынан айырылған тұрғындар биліктен нақты көмек болмай жатқанын айтып, наразылық білдірген. Олар су басқан аймаққа жағдаймен танысу үшін президент Тоқаевты, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевті, мәжіліс депутаттарын шақырған.
Видео: Мақтарал жұртын әуреге салған топан су (6 мамыр 2020 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5