Ресейлік "Вагнер" жеке әскери компаниясының мыңнан астам жалдамалы сарбазы генерал Халиф Хафтар жетекшілік ететін Ливияның ұлттық армиясының әскери операцияларына қатысқан болуы мүмкін. Бұл туралы Ливияға байланысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің санкция жөніндегі комитетіне таныстырылған баяндамаға сілтеме жасаған ақпарат агенттіктері хабарлады.
"Сарапшылар тобы Ливияда "Вагнер жеке әскери компаниясының" жалдамалылары барын 2018 жылдың қазан айынан бері білетін" делінген көпшілікке жарияланбаған баяндамада. AFP агенттігі баяндамадан осындай үзінді келтірген.
Ашық дереккөздер мен бақылаушылар тобының хабарламаларына сүйенген баяндама авторларының айтуынша, Ливияда шамамен 800-1200 аралығында "Вагнер" сарбазы бар. Ресейлік жалдамалылар әскери техниканы жөндеуге көмектеседі, әскери операцияларға және "ықпал ету операцияларына" қатысады.
Ливиядағы азаматтық соғыс 2011 жылдан бері жалғасып келеді. Муаммар Каддафи режимі құлаған соң елдегі фракциялар билікке таласып жатыр. БҰҰ мойындаған Сарадж үкіметі ел астанасы Триполи мен оның маңайын ұстап отыр. Хафтарды қолдайтын Абдалла Әбдірахман ат-Тани уақытша үкіметті ұстайды.
Сарадж билігін Түркия қолдап, бұған дейін Ливияға әскер жіберген. Хафтарды Египет пен БАӘ қолдайды. Хафтарға Ресейден келген жалдамалы әскерлер де көмектесіп жатыр деген ақпарат тараған. Бірақ мұны Мәскеу жоққа шығарып, екі тарапты да қолдамайтынын мәлімдеген. Ливияда ресейлік жалдамалылар барын Триполи де, Түркия президенті Режеп Ердоған да айтады.
Intelligence online сайтының жазуынша, Хафтар әскері советтік қару-жарақтарды пайдаланады. Сайттың хабарлауынша, мысалы, Су-27 ұшағын Мәскеудің мақұлдауынсыз сатып алу мүмкін емес.
Хафтар әскері 2019 жылдың сәуір айынан бері Триполиге шабуыл жасап келеді, алайда қаланы ала алмаған. Биыл сәуір айының соңында халықаралық қауымдастық мойындаған Ливияның ұлттық келісім үкіметі ресейлік ''Вагнер" жеке әскери тобының сарбаздарын Триполиде химиялық қару қолданды деп айыптаған.
Ресей билігі "Вагнер" жеке әскери тобының барын жоққа шығарады.
Қаңтар айында президент Владимир Путин Ливияда Ресей азаматтары бар болған күннің өзінде олар Ресейдің мүддесін қорғамайды және Ресей тарапынан ақша алмайды деп мәлімдеген.