Алматы әкімдігі карантинге байланысты мемориалға жіберілмеген ардагерден кешірім сұрады. Бұл туралы Tengrinews сайты жазды.
Youtube-та жарияланған видеода Алматы қалалық қоғамдық даму басқармасы жетекшісінің орынбасары Айдар Есенбековтің ардагерге "Біз кінәліміз, кешірім сұраймыз. Бұл коронавирустың тарауымен байланысты" деп айтқаны көрінеді.
9 мамыр - Жеңіс күні Алматыда панфиловшылар саябағындағы Мәңгілік алауға гүл қоюға келген ардагерді сақшылар және билік өкілдері саябаққа кіргізбей қойған еді. Ардагердің жанында тұрған адамдар қарт кісіні саябаққа жалғыз кіргізуді сұраған, бірақ билік өкілдері көнбей қойған.
Видео: Алматыда ардагерді Мәңгілік алауға жібермеді (9 мамыр 2020 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
Агенттіктің жазуынша, кейінірек ардагерге қаладағы панфиловшылар саябағындағы Мәңгілік алауға гүл қоюға рұқсат етілген. Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын еске алуға келген ардагердің аты-жөні - Иван Абдулов. 1930 жылы туған. Ардагерлер сайтында оның балалар үйінде тәрбиеленгені, бала кезден соғысқа араласқаны, түрлі шайқастарға қатысқаны жазылған.
Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғыс Совет кезіндегідей «Ұлы Отан соғысы» аталады. Соғысқа қатысқан Қазақстандағы көзі тірі ардагердің саны – 1025 адам. Жеңістің 75 жылдығына орай оларға 1 млн теңгеге (2 мың 369 доллар шамасында) дейін бір жолғы жәрдемақы беріледі.
Оқи отырыңыз: Пандемия һәм парад. Постсовет елдері Жеңістің 75 жылдығын қалай атап өтті?