Ресей үкіметі коронавирус пандемиясынан зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдеріне резервтік қордан 81,1 млрд рубль көлемінде қаржы бөлді. Қаржы компанияларға субсидия ретінде беріледі. 10 мамырда министрлер кабинетінің сайтында үкімет жетекшісі міндетін уақытша атқарушы Андрей Белоусовтың бұйрығы жарияланды.
Ақпарат бойынша, қызметкерлерінің 90 пайызын сақтап қалған компаниялар ғана субсидия ала алады. Олар пандемиядан қатты зардап шекті деп танылған арнайы тізімде көрсетілген салалармен айналысқан болуы тиіс. The Bell сайтындағы ақпаратқа сәйкес, компаниялар бір қызметкер үшін 12 130 рубль (шамамен 165 доллар) көлемінде қаржы алады.
Үкімет есебінше, қаржылай көмекті 970 мыңнан астам компания пайдалана алады. Бұған дейін бизнес өкілдері үкімет көмегін пайдалану қиындығына шағымданған.