Қазақстанда төтенше жағдай режимі алынғаннан кейін де Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантин режимі сақталады. Бұл туралы сoronavirus2020.kz сайты хабарлады.
11 мамырда Қазақстанда төтенше жағдай мерзімі аяқталуы тиіс. Әзірге оның мерзімі созыла ма, жоқ па, белгісіз. Дүйсенбі күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев жетекшілік ететін мемлекеттік комиссияның отырысы өтеді.
Ақпарат бойынша, Нұр-Сұлтан мен Алматыда блокбекеттер жұмыс істей береді, қалаға кіріп-шығуға шектеу күшінде қалады. Қалаға тек рұқсаты бар адамдар мен көліктер кіргізіледі.
Алматыда қоғамдық көлік таңертеңгі сағат 6 мен кешкі сағат 19.00 аралығында жүреді. Нұр-Сұлтан билігі 11 мамырда мемлекеттік комиссияға астанада қоғамдық көлік жұмысын қалпына келтіру туралы өтініш жасамақ.
Қазақстанда коронавирусқа байланысты 16 наурызда төтенше жағдай жарияланған. 19 наурызда Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылған болатын. Кейінірек өзге аймақтарда шектеу шаралары енгізілді. Өткен аптада денсаулық сақтау министрлігі елде эпидемия шарықтау шегіне жетті деп мәлімдеген. Осыдан кейін Алматы мен Нұр-Сұлтанда карантин шаралары жұмсарып, бірқатар бизнес нысандарына жұмыс істеуге рұқсат етілген болатын.
Дегенмен қазір ірі сауда орталықтары, саябақтар, университеттер, дәмхана, мейрамханалар жабық. Оқушылар мен студенттер қашықтан оқып жатыр.
Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда 5076 адамнан коронавирус табылған. 1901 адам жазылған. 31 адам қайтыс болған.