АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео 13 мамырда Израильге барды. Сапар барысында премьер-министр Биньямин Нетаньяху және үкіметтің өзге де мүшелерімен келіссөз жүргізеді, Таяу Шығыстағы Иран әрекеті мен COVID-19 пандемиясы мәселесін де талқылайды деп айтылады.
Өткен аптада АҚШ мемлекеттік хатшысының Таяу Шығыс елдері бойынша көмекшісі Дэвид Шенкер келіссөз барысында Иранның аймақтағы "ахуалды тұрақсыздандыратын әрекеттері", Сириядағы жағдай, Ливандағы "Хезболла" тобының қимылы сияқты мәселелер талқыланады деп айтқан болатын.
Шенкердің айтуынша, АҚШ қаңтар айында Трамп жариялаған Таяу Шығыстағы бейбіт жоспарын әрі қарай жүзеге асыруға күш салады. Нетаньяху бұл жоспарды жылы қарсы алғанымен палестиналықтар оған түбегейлі қарсы шыққан.
Оқи отырыңыз: Еуроодақ Трамптың Таяу Шығыстағы жағдайды реттеу жоспарын қолдамады
Шенкердің сөзіне қарағанда, Помпео жоспарында Палестинаның лауазымды тұлғаларымен кездесу қарастырылмаған. Ол израильдік БАҚ-та жақында жарияланған ирандық күштер Сириядан кете бастады деген ақпаратқа түсініктеме беруден бас тартқан.