13 мамыр күні N3 Ақтөбе қалалық соты жергілікті белсенді Әлібек Молдинді оны сотқа берген көп балалы бес ананың әрқайсына 5 мың теңгеден моральдық өтемақы өндіріп, әлеуметтік желіде кешірім сұрауға міндеттеген. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Соттың мәліметінше, Молдинді "ар-намыс, қадір-қасиетімізге кір келтіретін сөз айтты" деп айыптаған әйелдер әрқайсына 100 мың теңгеден моральдық өтемақы өндіріп, белсендінің әлеуметтік желілер арқылы кешірім сұрауын талап еткен.
- Сот көп балалы аналардың талабын ішінара қанағаттандырды. Молдин олардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне кір келтірген. Сондықтан жауапкерге әлеуметтік желілер арқылы кешірім сұрау міндеттелді. Жауапкер Молдиннен талап қоюшылардың әрқайсына 5 мың теңгеден өндіріледі, - делінген соттың хабарламасында.
Одан бөлек Әлібек Молдин мемлекеттік баж шығыны (11 625 теңге) мен филологиялық сараптама шығынын да (64 384 теңге) өтеуі тиіс.
Көп балалы аналар: Гүлмира Бимағамбетова, Сәнімкүл Сүйінбаева, Жанар Құлмамбетова, Миуа Бекбосынова мен Зиба Отарбекова бұған дейін белсенді Молдиннің үстінен N2 қалалық сотқа "бізді қорлады" деп шағымданған еді. Қаңтар айында судья Теміржан Алданов "Молдиннің үстінен қозғалған істе қылмыс құрамы табылмады" деп белсендіні ақтап шықты.
Сот үкімімен келіспеген көп балалы аналар Молдиннің үстінен N3 қалалық сотқа шағымданған. Белсендіге қатысты азаматтық істі сот 29 қаңтарда қарай бастаған.
Оқи отырыңыз: Көп балалылар белсенді Молдинді тағы да сотқа берді
Молдин ісі бойынша өткен сот процестерінің бірінде Ақтөбе әкімдігі жанында түсірілген видео айғақ көрсетілген еді. Видеодан көп балалы әйелдердің әкімдікке жиналғанын көруге болады. Наразы топпен Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева сөйлесіп тұр. Сәлден соң наразы топ Арынғазиеваның соңынан ілесті. Осы кезде кадр сыртындағы ер адамның "мал болып өтесіңдер, халықтың тобыр екенін осыдан білуге болады" деген дауысы естіледі. Көп балалы аналар "Бұл-Молдиннің дауысы. Ол бізді мал, тобыр деп тұр" дейді.
Әлібек Молдинмен 2019 жылдың күзінен бері соттасып жүрген көп балалы бес әйелдің бірі Гүлмира Бимағамбетова "Мәселе Молдиннен өндірілетін ақшаның көлемінде емес. Мәселе - принципте. Молдиннің бізді тілдегені рас. Сондықтан ол жазасын алуы тиіс!" деп санайды.
Азаттық тілшісі белсенді Молдинмен байланыса алмады. Ол бұған дейін өзіне тағылған айыппен келіспей, үстінен бірнеше мәрте іс қозғалуын өзінің белсенді азаматтық позициясымен байланыстырған болатын. Молдин көп балалы әйелдерді "әкімдік жұмсап отыр" деп санайды. Әкімдік өкілдері мұны жоққа шығарған.