Өскемен қаласында екі кәсіпкер Шығыс Қазақстан облысы бас санитарлық дәрігерінің коронавирусқа байланысты карантин кезіндегі қаулысын заңсыз деп тануды талап етіп, сотқа шағымданды.
Мұхтар Тойбазаров пен Валерия Топольняк "аймақтағы тауарлар сапасы мен қауіпсіздігін қадағалау департаментінің жетекшісі Гүлайым Тағаева жұрттың конституциялық құқығын бұзды" деп сотқа арыз түсірді.
Наурыздың соңында санитарлық дәрігер аймақта бірнеше шектеу енгізген. Оның бірі нөмері тақ санға бітетін көліктерді тақ күні, нөмері жұп санға бітетін көліктерді жұп күні жүргізу шектеуі еді.
— Көшеде жүруді шектеді, блокпостар қойды, қалада рұқсат қағазмен жүреміз, жеке көлікті дұрыс қолдана алмаймыз. Мемлекеттік бас санитарлық дәрігер 2000 шаршы метрге дейінгі сауда орындарын ашуға рұқсат берді. Ал біздің санитарлық дәрігер оны 500 шаршы метрге қысқартып тастады. Кафе мен мейрамханаларды ашпай отыр. Оның бұлай істеуге өкілеті жоқ. Төтенше жағдайда жұртқа шектеуді тек президент қоя алады. Облыстағы санитарлық дәрігер президенттен маңызды ма? - дейді Валерия Топольняк.
Екі кәсіпкер сотқа шағымданған күні, 14 мамырда аймақтың бас санитарлық дәрігері карантин шектеулерін ақырындап алып тастау туралы жаңа қаулыға қол қойды. Қаулыға сай, облыста (Семей қаласында вирус жұқтырғандар көп болғандықтан рұқсат қағазбен жүру шектеуі сақталады) рұқсат қағазымен жүру 16 мамырда аяқталмақ. Ескі қаулыда рұқсат қағазбен жүру 1 маусым аяқталады деп көрсетілген еді.
Шағымданушылар мен оларға арыз жазуға көмектескен алматылық адвокат Жангелді Сүлейменовтің сөзінше, сотқа түсірген шағым қала береді, себебі санитарлық дәрігердің алғашқы қаулысы заңға сай емес.
Жергілікті белсенді Роман Честных коронавирус аз табылған аймақтағы шектеулер заңға қайшы деп санайды. Ол ШҚО-дағы еркін қозғалысқа шектеу қоятын қаулыны жоюды талап еткен онлайн-петиция жариялады. Петицияға 14 мың адам қол қойған.
14 мамырдағы ресми мәліметке сай, ШҚО-да 55 адамнан вирус табылған. 17 адам дерттен айықты. Бір адам қайтыс болды. Ал Қазақстанда 5571 адамға вирус жұқты. 32 адам көз жұмды.