Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы комиссия "13 мамырда коронавирустан қайтыс болды деп хабарланған 62 жастағы Нұр-Сұлтан тұрғынының өлімінің себебі COVID-19 емес" деген шешім қабылдаған. Бұл ақпаратты 16 мамырда Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің сайты хабарлады. Хабарламада науқастың жүрек-қантамыр аурулары асқынып кеткені жазылған.
Бұған дейін қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы әйел адамның он шақты күн үйде өзін емдеуге тырысқанын хабарлаған еді. Ақпарат бойынша, науқас жеке медициналық ұйымда дәрігер болып істеген.
Осылайша Қазақстанда ресми мәлімет бойынша, 33 адам коронавирустан қайтыс болды. Бұған дейін комиссия Арқалық пен Нұр-Сұлтанда қайтыс болған екі адамның өлімін де коронавируспен байланыстырмаған еді.
Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жұққан науқастардың өлімін арнайы комиссия зерттейтінін хабарлаған. Егер комиссия "науқастың өліміне коронавирус емес, басқа ауру себеп болғанын анықтаса", онда бұл адам коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандар статистикасына енгізілмейді.