Францияда Руандадағы геноцид үшін айыпталған Фелисьен Кабуга ұсталды

Найроби тұрғындары АҚШ-та Фелисьен Кабугаға іздеу жарияланғаны туралы хабарламаны газеттен оқып тұр. Газет 2002 жылы 12 маусым күні шыққан.

16 мамырда Париж маңында 1994 жылы Руандададағы тутси халқының қырылуына айыпты деп танылған Фелисьен Кабуга ұсталды. Париж маңындағы қалашықта жалған құжатпен жүрген Кабуга халықаралық іздеуде 20 жыл болған. Француз полициясы оны ұстау үшін құпия операция ұйымдастырып, 84 жастағы қашқын болуы мүмкін үйлердің бәрінде тінту жасаған.

Кабуга тутси халқын өлтіруге үндеген радионы басқарып, әскери отрядтарға қару-жарақ сатып алу үшін ақша жинаған ұлттық қорғаныс қорына жетекшілік еткен.

1994 жылы шілде айында Кабуга Швейцариядан баспана алуға тырысқан, бірақ оны Конго демократиялық республикасына жіберген. RFI жазуынша, 1997 жылы Кения астанасы Найробиде полиция оны екі рет ұстауға тырысқанмен операция сәтсіз аяқталған.

Руандада 2015 жылы халықаралық трибунал сотының жұмысы аяқталғандықтан Кабуга енді Гаагаға экстрадицияланады. Оның ісін қылмыстық трибуналдарға арналған халықаралық қалдық механизм соты қарайды.

БҰҰ мәліметінше, 26 жыл бұрын Руандадағы қырғын кезінде тутси халқының бестен бір бөлігі немесе 800 мың мен 1 млн аралығында адам қырылған.