Түркістан облысы әкімдігі бірнеше күн бұрын болған селдің кесірінен Төле би ауданында 30-дан астам үйдің бүлінгенін хабарлап, олар қайта салынатынын айтты.
"Қазір селден зардап шеккен 30-дан астам үй анықталып, олар қайта салынатын болады. Бұған қоса, жоғарғы Қасқасу елді мекеніндегі Қасқасу өзені бойында орналасқан 4 көпірді су шайып кеткен болатын. Қазір жобалық құны 82,8 миллион теңге құрайтын 4 көпірдің сметалық құжаттамасы әзірленген" делінген әкімдіктің ресми хабарламасында.
Әкімдік сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Төле би ауданына облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев барған.
"Су басқан елдімекендерде тиісті жұмыстарды атқару үшін 4 сектор белгіленген болатын. Әр секторға жауапты болып Қазығұрт, Ордабасы, Сайрам, Төлеби аудандарының әкімдері бекітілген" делінген хабарламада.
13 мамырда Түркістан облысы Төле би, Қазығұрт және Бәйдібек аудандарында қатты нөсер жауып, 500-ден астам аула, 76 үйге су кіріп, 250-ден адам эвакуцияланған болатын.
Видео: "Үйдің іші лай". Оңтүстік жұртын тасқын әбігерге салды (14 мамыр 2020 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
Ауа райын болжайтын мамандар таулы аймақтарда алдағы күндері тағы жауын болуы мүмкін деп ескертеді. Сарапшылар Орталық Азиядағы постсоветтік мемлекеттегі елдімекендердің тасқыннан жиі зардап шегуінің себебін су ағызатын арнайы жүйенің жоқтығы немесе арықтардың бітеліп қалуымен, суландыру және су тартатын жүйелердің қатты нөсер кезінде пайда болатын артық суды ағызып жіберуге бейімделмегенімен байланыстырады.
Оқи отырыңыз: Тасқыннан қашқан жүздеген тұрғын арнайы орын мен туыстарын паналады