Башқұртстанның Стерлитамак қаласында адмирал Александр Колчакқа қойылған ескерткішті бұзып тастады. Стерлитамак қаласының әкімшілігі ескерткіш рұқсатсыз салынғанын хабарлады.
Ескерткішті өз қаржысына тұрғызған жеке кәсіпкер Тагир Ибрагимовтың жазуына қарағанда, полиция түн ішінде бұзып кеткен.
Колчак ескерткіші мамырдың 18-іне ашылады деп жоспарланған. Уфа қаласында бұған дейін де Колчакқа ескерткіш қоюға бірнеше рет талпыныс жасалған.
"Ресей Федерациясы халықтарының демократиялық конгресі" мен "Башқұрт" ұйымы "Башқұрт Республикасының қарсыласына" ескерткіш орнатылғанын сынға алған.
Олар Телеграм-каналында "Стерлитамакта Башқұрт республикасының жауы, орыс ұлтшылдары құрмет тұтатын адмирал Колчакқа ескерткіш орнатты. Бұған жол беріп отырған республика басшылығы Башқұрт республикасының негізін салушы Зәки Уәлидиге неге ескерткіш қоймайды?", — деп жазған.
Ресейдің әскери және саяси қайраткері Александр Колчак 1918 жылдардағы азамат соғысы кезінде ақтар қозғалысының негізін салушылардың бірі саналады. Ол Омбы қаласында орналасқан Сібір уақытша үкіметін де басқарған.
1917 жылы 29 қарашада жарияланып, 1919 жылдың 18 ақпанына дейін өмір сүрген Башқортстан автономиясына Зәки Уəлиди басшылық жасаған.
Әлихан Бөкейхан бастаған Алашорда автономиясы осы үкіметтермен келіссөздер жүргізуге тырысқан. Кейін адмирал Колчак Алашорданы бағындыруға тырысып, бейбіт қазақ ауылдарына зорлық-зомбылық жасай бастағанда алаш қайраткерлері Кеңес өкіметімен жақындасуға бет бұрған.