18 мамыр күні Ақтөбедегі автокөлік бөлшектерін сататын «Көл-Auto» жабық базарының саудагерлері карантин шарттарын жеңілдетіп, жабық базардың жұмысын бастауға рұқсат беруді талап етті. Сауда орталығы жанына жиналған ондаған адам 30 наурыздан бері үйде отырып, қаржыдан қинала бастағанын айтты.
«Көл-Auto» жабық базарының саудагер Мұрат Еспаев «Билік қосалқы бөлшек сататын Ақтөбедегі өзге орталықтардың жұмысына рұқсат берді. Мысалы, «Илек» сауда үйі мен «Батыс Қазақстан» жәрмеңкесі (жұрт арасында ЗапКазЯрмарка деп аталып кеткен – ред.) жұмыс істеп тұр. Олардың аумағы бұл жерден анағұрлым үлкен» дейді.
Тағы бір кәсіпкер Мария Куркунованың айтуынша, «Көл-Аuto» жабық базары да 5 мамыр күні ашылып, екі тәуліктен соң қайта жабылған. Куркунованың сөзін «Көл-Аuto» орталығының өкілі Ирина Моисейченко де растап отыр.
- Қала әкімдігінен келген комиссия сауда орталығын аралап, «санитарлық талаптарға сай» деген тұжырымға келді. Қолымызға акт берген соң кәсіпкерлер жұмысына кірісті. 7 мамыр күні санитарлық-эпидемиологиялық мамандар келіп қайта жапты, - дейді орталық әкімшісі.
Моисейченконың сөзінше, «Көл-Аuto» екі мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Орталықта жүзге жуық кәсіпкер қосалқы бөлшек сатады. Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі эпидемологиялық жағдай жақсарса, аумағы екі мың шарты метрді құрайтын сауда орындарын ашуға рұқсат берген.
Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті өкілі Айсәуле Оралбаева Азаттыққа «Ақтөбе қаласында COVID-19 ауруының деңгейі 10-17 мамыр аралығында 7 пайыздан асып кетуіне байланысты кейбір орындардың ашылуы кейінге қалды. «Көл-Аuto» жабық базарының қашан ашылатынын нақты айта алмаймыз. Ол облыстағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты» деді.
Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мәліметінше, қазір Ақтөбеде ауыл шаруашылығы техникасының бөлшектерін сататын орталықтар, ғана жұмыс істеп тұр. Илек» сауда үйі мен «Батыс Қазақстан» жәрмеңкесінде де ауыл шаруашылық техникасын сататын орындар ашық.
- Бұл диқандардың қажеттілігін ескеріп, қабылданған шешім, - дейді Оралбаева.
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің 18 мамырдағы мәліметіне сай, Ақтөбе облысында 228 адам коронавирус жұқтырған. 147 адам емделіп шықты. Ал ел бойынша 6440 адамнан вирус табылды. 3469 адам дерттен айықты. 35 адам қайтыс болды.