Ирактың барлау қызметі "Ислам мемлекеті" (ИМ) террористік тобының жетекшісін қамауға алғанын мәлімдеді. Бұл туралы "әл-Арабия" арнасы хабарлады.
Арнайы қызмет өкілдерінің хабарлауынша, қамауға алынған адам былтыр қазан айында Америка әскерилер ИМ-нің бұрынғы басшысы Әбу Бәкір әл-Бағдадиді өлтіргеннен кейін ұйымды басқарған.
"Ислам мемлекеті" ұйымының хабарламаларында ұйым басшысының аты-жөні Әбу Ибрагим әл-Хашими әл-Кураши деп айтылады. Вашингтонның пікірінше, бұл ұйымның негізін қалаушылардың бірі әрі идеологы Әмір Мұхаммед Әбдел Рахман әл-Маульдің лақап аты болуы мүмкін. Бұл туралы "Америка дауысы" жазған. Ирак барлау қызметінің айтуынша, қамауға алынған адамның шын аты Әбделнасыр әл-Кирдаш.
Оның толық өмірбаяны айтылмайды. Ресейлік Directorate 4 телеграм-арнасы аты-жөнін айтпаған ирак сарапшысына сілтеме жасай отырып, қамауға алынған адам "Әл-Қаиданың" жоғары лауазымды мүшесі болуы мүмкін деп топшылайды. 2011-2019 жылдары ИМ-нің Сириядағы жетекшісі болған.
ИМ жетекшісінің қашан және қай жерде қамауға алынғаны айтылмайды. Барлау қызметінің мәліметі негізінде ұсталғаны ғана белгілі. "Әл-Арабия" арнасының хабарлауынша, сәуір айының басында Ирактың барлау қызметінің жетекшісі Мустафа әл-Каземи Ирак үкіметін басқарған.