22 мамырда Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Фирдоуси және Өргебас ауылында топан судан зақымданған 539 үйдің екі жүзден астамына өтемақы беріле бастады. Бірақ кейбір тұрғындар құжаттарының рәсімделмеуіне байланысты өтемақы ала алмай отырғанын айтады.
Өргебас ауылы Ынтымақ көшесінің тұрғыны Азиз Анетов бес бөлмелі үйі су астында қалғанын айтады. Оның сөзінше, екі жыл бұрын үйді сатып алған. Төрт қызы, әйелі мен өзі осы үйде өмір сүрген. Құжаттары рәсімделмеген соң, төтенше жағдайға байланысты құрылған комиссия өтемақы беру жайын тоқтатып отыр.
- Үй былай тұрсын, үй салынған жер телімінің шешімі жоқ. Үйдің құжаттарын тек сот арқылы рәсімдейміз. Бір ай уақыт кетеді деп жатыр. Қазір отбасыммен бірге далада қалғалы тұрмын, - дейді ол.
Оның сөзіне қарағанда Өргебас ауылында құжаттарын түгендей алмай жүрген оннан астам отбасы бар.
Жергілікті биліктің мәліметі бойынша, мамыр айының басында Өзбекстанда бөгеттің жарылуы кесірінен шекараға жақын Фирдоуси ауылында – 340, Өргебас ауылында 199 үй су астында қалған. Су астында қалған үйлердің нешеуі қайта салынатынын, қаншасы жөндеуге жіберілетінін комиссия анықтап жатыр.
«Фирдоуси және Өргебас ауылында су астында қалған, құжаттары түгел үйлерге толық өтемақы төлеу мәселесі шешілген. Әртүрлі себеппен құжаттары рәсімделмеген үйлер де комиссияға ұсынылған. Құжаттары түгенделген кезде оларға да өтемақы берілетін болады» дейді аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков.
Өтемақыны тұрғындарға «Түркістан» әлеуметтік даму корпоративтік қоры аударып жатыр. Қордың дерегінше, топан судан зақымданып, анықталған үйлердің саны 200-ден асады. Оның әрбіріне берілетін 17 млн өтемақы үй иесінің есепшотына үш бөліп жіберіледі. Қазір 19 отбасына 8,5 млн теңге аударылған.
Қарай отырыңыз: Өргебас ауылының тасқыннан кейінгі ахуалы (14 мамыр 2020 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
Қор топан судан зақымданған, бірақ құжаттары рәсімделмеген үйлердің бар екенін растайды. Бірақ қанша үй екенін айтпайды.