22 мамырда Ақтөбе облысының Мәртөк аудандық соты "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп айыпталған жергілікті белсенді Роман Рейхерттің бас бостандығын бір жылға шектеді. Бұл туралы Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады. Сот онлайн режимде өткен. Белсендінің адвокаты Әділ Түлкібаев сот үкімімен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін айтты.
Тергеу материалдарына қарағанда, Роман Рейхерт 2020 жылы 27 наурызда Мартөк ауылында үйінде отырып, Instagram парақшасына видео жариялаған. Видеода бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың отставкаға кетуін талап еткен. Оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовты қолдайтынын айтқан белсенді видеоның соңын «Алға, Қазақстан!», «Алға, ҚДТ!» деп аяқтаған.
Биыл сәуір айының ортасында Роман Рейхерт осы мазмұндас видеоны өзінің Facebook парақшасында да жариялаған. Видео соңында сөз бостандығын қалайтынын, сол үшін әйелі екеуіне жиі қысым жасалатынын айтқан.
Бұл видеолар жарияланғаннан кейін тергеу орындары Мартөк тұрғыны Роман Рейхертке Қылмыстық кодекстің 405-БАП 2-бөлімі бойынша ("Тыйым салынған ұйымның ісіне араласу") айып таққан. Азаттық тілшісі Роман Рейхертпен байланыса алмады. Белсендінің телефоны өшірулі.
Сотта Рейхертті қорғаған адвокат Ақылбек Тұрмағамбетовтің айтуынша, "айыпталушыға мемлекет кепілдік берген заң көмегі көрсетілгеніне қарамастан" Рейхерт үкім шығардан біраз уақыт бұрын тегін адвокаттың қызметінен бас тартып, адвокат Әділ Түлкібаевты жалдаған.
Азаттық тілшісінің сұрақтарына телефон арқылы қысқа жауап берген адвокат Әділ Түлкібаев сот үкімімен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін айтты.
Ақтөбе облысы Мәртөк ауданының тұрғыны Роман Рейхерт 33 жаста. Ақтөбе хром қосындылары зауытында жүк түсіруші болып жұмыс істейтін белсендінің кәмелет жасына толмаған 4 баласы бар.
Роман Рейхерт сот алдында әлеуметтік желілерде жарияланған видеода сөйлеп отырған адамның өзі екені растаған. Бірақ "бұл әрекетімнен қоғамға ешқандай қауіп төнген жоқ" деп өзіне тағылған айыпты мойындамаған.
2018 жылы наурыз айында астана соты шетелде тұратын экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, ел аумағында қызметіне тыйым салған еді. Бірақ Еуропарламент 2019 жылғы резолюциясында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған. Қазақстан билігі ҚДТ "экстремистік ұйым" деп танылған соң оны қолдайтын адамдарды қудалап, көбін жауапқа тартқан.
P.S: Бұл жаңалық шыққаннан кейін Ақтөбе облыстық полиция департаменті өкілдері Азаттық тілшісіне хабарласып, Роман Рейхерттің бұған дейін ұрлық пен бұзақылық баптары бойынша бірнеше мәрте сотталғанын айтты.