Ақтөбеде сатушылар наразылығынан кейін орталық базар ашылды

Ақтөбеде қайта ашылған Орталық базар. 27 мамыр 2020 жыл.

Ақтөбеде саудагерлердің наразылығынан соң карантинге жабылған Орталық базар қайта ашылды. Үш мыңға тарта адам сауда жасайтын базардың кіреберісіне дезинфекциялық тоннель қойылды. Сатып алушылар 27 мамыр күні Орталық базарға бұрынғыдай қалаған жерінен емес, дене қызуын өлшетіп, арнайы бекітілген төрт қақпадан кіреді.

Өткен аптада Ақтөбедегі Орталық базар саудагерлері жұмыс орындарының ашылуын талап етіп, бір жұма бойы наразылық жиынын өткізген еді. Бұл базар қалада коронавирус тараған тұста, наурызда жабылған.

"Індет қаупі әлі де сейілген жоқ. Сондықтан Ақтөбедегі базарлар сағат 10:00 мен 17:00 аралығында ғана жұмыс істейді. 27 мамырдан бастап Ақтөбеде Орталық базар, мал базары мен қосалқы бөлшектер, құрылыс материалдары, киім-кешек базарлары ашылды" деп хабарлайды Ақтөбе қаласы әкімдігі.

Орталық базар саудагерлерінің 25 мамырдағы жиынында жергілікті эпидемиологтар вирус жұқтырғандар саны 7 пайыздан асса, адам көп шоғырланатын жерлерді ашуға рұқсат жоқ деген еді. Эпидемиологтардың хабарлауынша, 27 мамыр күні Ақтөбеде вирус жұқтырғандар 4,7 пайыздан аспаған.

Ақтөбе қаласында коронавируске байланысты карантин 6 сәуірде жарияланды. Жергілікті эпидемиологтар 25 мамыр карантин талаптары жеңілдейді деп хабарлаған болатын. Бірақ қаладағы эпидемиологиялық ахуал нашарлап кеткендіктен, халық көп шоғырланатын нысандардың ашылуы кейінге қалған. Оның соңы саудагерлер наразылғына ұласты.

Денсаулық сақтау министрлігінің 27 мамырдағы мәліметіне сай, COVID-19 вирусын республикада 9304 адам жұқтырса, оның 282-сі – Ақтөбе облысында. Аймақта 175 науқас дерттен айықты.