28 мамыр күні Ақтөбе хром қосындылары зауытындағы жұмыс барысында төрт жұмысшы қаза тауып, екеуі ауруханаға түсті. Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасында жатқан екі жұмысшының жағдайы өте ауыр. Бұл туралы Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен еңбек инспекциясы хабарлады.
Оқыс оқиға түс ауа хром қосындылары зауытының №4 цехында болған.
Облыстық еңбек инспекциясы басшысының орынбасары Бауыржан Оразаевтың Азаттыққа айтуынша, өндірісте қолданылатын бактың ішіндегі химиялық қалдықты тазалап жатқанда бір жұмысшы күйіп қалған. Оны құтқармақ болып, бес жұмысшы бакқа түскен. Барлығы термиялық күйік алған. Төртеу қаза болып, екеуі ауруханаға түсті.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің басшысы Арыстан Атығай "Алдын ала тергеу цех жұмысшыларының көлемі 50 текше метрлік бакты тазалап жатқан кезде қаза болғанын анықтады. Аталмыш факт бойынша "Абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан қауіпсіздік техникасының бұзылуы" бабымен қылмыстық іс қозғалды" деді.
Ауруханада жатқан екі жұмысшының да беті, мойны мен қол-аяғы күйген. Тыныс алу жолдары бүлініп, күйіктен шок алған. Ауруханаға өте ауыр халде жатқан жұмысшылардың бірі – 32 жаста, енді бірі – 36 жаста.
Хром қосындыларын – натрий монохроматы, натрий бихроматы, хром ангидриді, хром тотығы, хром малмасы және күкіртті натрий – өндіретін зауыт Ақтөбе қаласы аумағында орналасқан. Өнімі әлемнің отыздан астам еліне шығарылатын үлкен кәсіпорын.