Шымкент қаласы мен Павлодар облысында коронавирустан екі науқас қайтыс болды. Бұл туралы 31 мамырда кешке қарай денсаулық сақтау министрілігі хабарлады.
Шымкентте - 1959 жылғы ер адам, Павлодар облысында 1966 жылғы әйел адам көз жұмған.
"Адам өлімін зерттеу комиссиясы науқастар коронавирус инфекциясынан қайтыс болды деген шешім қабылдады" делінген ресми хабарламада.
Қазақстанда коронавирустан барлығы 40 адам қайтыс болған. Бірақ COVID-19 диагнозы қойылған қайтыс болғандар саны ресми көрсеткіштен көп.
Осы аптада Азаттық тілшілері Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкентте коронавирустан көз жұмған адамдар туралы ресми дерек пен вирус жұқтырғандар зиратына жерленгендер саны арасында айырмашылық барын анықтады. Билік коронавирус инфекциясы диагнозы қойылып, көз жұмған науқастардың бәрін бірдей COVID-19 вирусынан қайтыс болды деп тіркей бермейтінін айтады.
Қазақстанда барлығы 10858 адамнан коронавирус табылған. 5 мыңнан астам адам жазылған.