Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев белсенділер мен құқық қорғаушылар сынаған "Парламенттік оппозиция" заң жобасын қабылдады. 2 маусымда президент әкімшілігі Тоқаев қол қойған заң "басылымға жарияланатынын" хабарлады.
"Парламенттік оппозиция" түсінігін енгізетін заң жобасын 28 мамырда парламент қабылдады. Заң жобасын билікті қолдайтын "Ақ жол" партиясы ұсынған.
Заң жобасы авторларының айтуынша, құжатта оппозиция үшін "бірқатар құқықтық артықшылықтар қарастырылған". Мысалы, әрбір сессия кезінде парламенттік тыңдау мен үкімет сағаттарын бекіту, үкіметтің заң жобасына балама заң жобасын ұсыну, парламенттің кез келген іс-шарасына, мәжіліс пен сенаттың бірлескен отырысында сөз сөйлеу құқығына ие.
"Ақ жол" жетекшісі, мәжіліс депутаты Перуашевтың пайымдауынша, парламентте "халықтың мәселесі көтеретін парламенттік оппозиция" болуы тиіс. Ол қазіргі парламентте партияларға халықтың мәселесін көтеруге не кедергі болып тұрғанын ашып айтпады.
Парламенттік оппозицияны заңмен бекітуді 2019 жылдың соңында Тоқаев ұсынған. Мамырдың соңында Тоқаев "Саяси партиялар туралы" заңды қабылдап, партия тіркеу үшін қажетті 40 мың қолды 20 мыңға төмендеткен.
Сарапшылар мен белсенділер "бұл – косметикалық өзгеріс, билікке жақпайтын партияларды тіркеуге, тәуелсіз кандидаттардың сайлауға түсуіне жол бермейді" деп сынаған.
Қазақстанда ресми тіркелген алты партияның үшеуі парламентке өткен. Олар – елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев (2019 жылы президенттіктен кетсе билікке ықпалын сақтап қалды) басқаратын "Нұр-Отан", билікті қолдайтын "Ақ жол" және Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясы.
Елді 30 жылдай басқарған Назарбаев былтыр президенттіктен кеткен соң оның орнына Тоқаев келген. Назарбаев президент болып тұрған тұста халықаралық ұйымдар оны оппозицияны, билікті сынайтындарды қудалап, тәуелсіз БАҚ-ты жойды деп сынаған. Тоқаев президент болып сайланған соң саяси реформа жасаймын деп уәде еткенімен, сыншылар бұл уәдесі орындалмады деп санайды.