Қырғызстанның арнайы қызметі Азаттықтың Қырғыз қызметінің журналистері "күмәнді ақшаны заңдастырумен айналысатын адамнан 100 мың доллар алған" деген негізсіз мәлімдемелер жасады. Тілшілер ол адамнан жемқорлық жайлы көлемді журналистік зерттеу аясында деректер алған еді.
Арнайы қызмет Қытайда туған этникалық ұйғыр, кәсіпкер Айеркен Саймаитидің қазасына байланысты 2 маусымда парламенттік тыңдау кезінде мәлімдеме жасады. Саймаити көзі тірісінде Қырғызстаннан бірнеше жылда жүздеген миллион долларды шетелге алып шыққанын мойындаған.
"Азат Еуропа / Азаттық радиосы" медиакорпорациясының президенті Джейми Флай мәлімдемедегі әлгіндей айыптауды "байлығы мен билігін сақтап қалғысы келетін жемқорлардың" журналистерден "кек қайтару" қарекеті деп атады.
Айеркен Саймаитиді былтыр қарашада Түркияның Стамбул қаласында қастандықпен атып өлтірген. Қаза боларының алдында ол журналистерге Қырғызстаннан курьерлердің көмегімен және электронды жолмен аса ірі көлемдегі ақшаны шетелге қалай шығарғанын, ол үшін қитұрқы әдіс-амалдарды қалай пайдаланғанын айтып берген.
Ол кісі қолынан мерт болғаннан кейін Азаттықтың Қырғыз қызметі, Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) және Kloop басылымы бірлесіп, бірнеше бөлімнен тұратын журналистік зерттеуді жариялаған. Саймаити берген құжаттарға сүйенген зерттеу авторлары Қырғызстаннан шығарылған күмәнді ақшаға Қырғызстан кеден қызметі басшысының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимовтың да қатысы болуы мүмкін деген байлам жасаған. Бұл зерттеу былтыр қарашада Қырғызстанда жаппай наразылыққа түрткі болған.
Ықпалды саяси делдал Матраимовтың өзі мен отбасы Саймаитимен байланысы барын және Қырғызстан кеденіндегі жемқорлықты терістеген. Матраимов пен отбасы зерттеу жарияланғаннан кейін журналистерді "жала жапқаны" үшін сотқа берген.
2 маусымда парламенттік комиссия тыңдауында Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеу басқармасы бастығының орынбасары Сағынбек Самидинуулу Азаттықтың Қырғыз қызметіне Саймаитидың "100 мың доллар төлегені" туралы екі адамның куәгер ретінде берген жауабы барын мәлімдеді. Комитеттің қолында одан басқа дәлел бар ма деген сұраққа ол "жоқ" деп жауап берді.
Жемқорлық жайлы зерттеу жүргізген Азаттық журналистерінің бірі Әли Токтакуновты материал жарияланғаннан кейін әлдебіреулер "өлтіреміз" деп қорқытқан. Матраимовтар журналисті сотқа берген.
АЕ/АР президенті Джейми Флай: "Бұл айыптаулар билігі мен байлығын сақтап қалуға тырысып жатқан жемқорлардың журналистерге қарсы шараларындағы соңғы талпыныс тәрізді. Матраимов мырза Әли Токтакунов пен "Азат Еуропа / Азаттық радиосының" Қырғыз қызметін сотқа беріп, былтыр желтоқсанда банктегі шотты бұғаттады, кейін бұғаттан босатты. Біз шындықты бұрмалаудың мұндай амалын айыптап, Қырғызстан билігін зерттеуге қатысқан журналистердің қауіпсіздігіне қатер төндіретіндерді жауапқа тартуға шақырамыз" деп мәлімдеді.
Тергеушілер Саймаити кісі қолынан мерт болғанға дейін Қытайда туған, тегі ұйғыр Қазақстан азаматы әрі жүк тасымалы саласындағы жасырын бизнес-империя мен Орталық Азия, Біріккен араб әмірлігі, АҚШ-тағы қозғалмайтын мүліктердің қожайыны Хабибула Әбдіқадырмен ақшаға бола араздасып қалған дейді. Саймаити Әбдіқадырдың есебіне шетелдерде жүздеген миллион доллар аударған деген болжам бар. Азаттықтың Қырғыз қызметі, OCCRP және Kloop бірлесіп жүргізген зерттеуден кейін бұрын көп ешкім білмеген Әбдіқадырдың есімі баршаға мәлім болды.