3 маусым күні Шымкент қалалық мамандандырылған әкімшілік соты "заңсыз митинг өткізді" деген айыппен төрт белсенді Нұржан Мұхаммедовті 6 тәулікке, Данияр Байтілеу, Марат Құдайбергенов және Марат Қасымбековті 5 тәулікке қамады. Ал Абдірахман Қасымбековке 50 АЕК мөлшерде (135 мың теңге), Жамбыл Жүнісбековке 20 АЕК мөлшерде (54 мың теңге) айыппұл салды. Бұл туралы Әкімшілік соттың кеңсе меңгерушісі Ерік Сихымбаев хабарлады.
Белсенділер 13 мамырда Шымкенттегі Ордабасы алаңында карантинді алып тастауды талап етіп, наразылық білдірген. Сот белсенділердің Ордабасы алаңындағы бұл наразылығын заңсыз деп тапқан.
Олардың ісі Әкімшілік кодекстің "Қазақстан бейбіт жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттер мен демонстрацияларды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу" бабымен қаралған (Жақында президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Бейбіт митинг туралы" жеке заңға қол қойған).
3 маусымда төрт адам белсенді Нұржан Мұхаммедовтің Қаратау ауданы Қайнарбұлақ ауылында жалдап тұрған үйіне келген. Екеуі – азаматтық киім киген, екеуі – полиция формасындағы адам. Олар белсендіге өздерімен бірге полиция бөліміне баруды сұраған. Мұхаммедов олармен бірге барудан бас тартқан. Белсенді өзінің құқығы тапталып жатқанын, Қазақстанда сөз бостандығы жоқ екенін айтып, сөзінің соңында қалтасынан пышақ шығарып қарнын тілмек болды. Бұл көріністер белсендінің әйелінің Facebook парақшасындағы видеодан байқалды.
Ал Данияр Байтілеудің үйіне де полиция келіп, оның үстінен әкімшілік іс қозғалғанын хабарлаған. Ол да полицияның үйіне келгенін тікелей эфирге шықты.
Жазаланған алты белсенді былтырдан бері өтіп келе жатқан билікке қарсы бейбіт митингілерге қатысып көзге түскен.
Әкімшілік кодекстің "Қазақстан бейбіт жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттер мен демонстрацияларды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу" бабына сай, жұрт қандай да бір митинг, наразылық шарасына шығу үшін жергілікті биліктен алдын ала рұқсат алуы тиіс еді.
Құқық қорғаушылар мен халықаралық ұйымдар жақында қабылданған "Бейбіт митинг туралы" заңда да бұрынғы шектеулер сақталып қалғанын айтады.
Жаңа заңда акцияларды арнайы бөлінген орындарда өткізу, жиынды өткізбей тұрып 5-10 күн бұрын акция түріне қарай ескерту немесе өтініш беру, қатысатын адамдар саны мен орнын көрсету сияқты ережелер бар. Кездейсоқ акцияларға тыйым салынған.