АҚШ сенаты президент Дональд Трамп ұсынған Майкл Пэкті АҚШ-тың ғаламдық медиа жөніндегі агенттігінің (USAGM) басшысы ретінде бекітті. Агенттік Азат Еуропа/Азаттық Радиосынан өзге «Америка дауысы», Radio Free Asia сынды ақпарат құралдарының жұмысын үйлестіреді.
53 сенатор Пэк кандидатурасын қолдап дауыс берді: республикашылдар және бір демократ. 38 демократ-сенатор қарсы дауыс берді.
Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Джейми Флай Майкл Пэк кандидатурасының бекітілуін жылы қабылдады. Флай Азат Еуропа/Азаттық радиосы тәуелсіз және объективті журналистика стандарттарына сүйене отырып, цензурасыз ақпаратпен қамтамасыз етуді жалғастыра береді деді.
Консервативті публицист ретінде танымал Пэк деректі фильмдер де түсірген. Бірқатар сенатор-демократтар Пэк агенттік жетекшісі ретінде президент Трамптың мүддесіне жұмыс істейді деген қауіп айтқан. Сенат тыңдауында Пэк мұны жоққа шығарып, агенттік журналистер жұмысына саяси тұрғыда араласуға жол бермейді деп мәлімдеді.