5 маусымда Қапшағай қалалық соты қамаудағы белсенді Әсет Әбішевтің мерзімінен босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырмады. Бұл туралы белсендінің адвокаты Гүлнара Жуаспаева хабарлады. "ҚДТ-ға қатысы бар" деп айыпталып, 2018 жылы төрт жылға сотталған белсенді 6 сәуірде жазаны жұмсарту туралы өтініш берген болатын.
Адвокат Гүлнара Жуаспаеваның айтуынша, өтініш берер кезде оның ешқандай айыппұлы болмаған. Өтініш берген күннің ертесінде яғни, 7 сәуірде тінту жүргізіліп, "заңсыздықтар анықталған".
"Оны бұдан соң 15 тәулікке қамады. Отырған кезде тағы бір айыппұл салды. Одан үшінші дәрежедегі теріс әрекетті анықтап, қатаң режимге ауыстырды. Қазір денсаулығына байланысты медициналық бөлімде" деді адвокат Азаттық тілшісіне.
Адвокат сот өтініш берілгеннен кейін айыппұл салынғанын және белсендінің ісінің саяси сипаты барын ескермеді деп санайды. "Барлық айыппұлдар бойынша шағым түсірдік, бірақ сот бас тартты" деді адвокат. Ол сот қаулысы қолға тигеннен кейін апелляцияға беретінін айтты.
5 маусымда Азаттық тілшісі Қапшағай қалалық сотына хабарласқанмен жауап ала алмады. Әбішев қамауда отырған мекеме - Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА-155/14 қызметкерлері де жауап бермеді.
Мамыр айының басында адвокат Әбішевтің "карантин кезінде қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуді талап еткені үшін екі рет карцерге қамалғанын" хабарлаған болатын. Бірақ Алматы облысының мамандандырылған прокуратурасы Әбішевтің "мобильді телефон ұстағаны" үшін 15 тәулікке карцерге қамалғанын айтқан. Прокуратура "Әбішев қауіпсіздік шарасын күшейтуді талап етті" деген сөзді жоққа шығарған.
42 жастағы Алматы тұрғыны Әсет Әбішев Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысына қатысы бар деп айыпталып, 2018 жылы төрт жылға сотталған. 2019 жылы 13 ақпанда апелляция соты үкімді өзгеріссіз қалдырған. Бұрынғы банкир, қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Аблязов жетекшілік ететін ҚДТ-ны Қазақстан соты «экстремистік ұйым» деп таныған. Еуропарламент 2019 жылғы резолюциясында бұл ұйымды «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп атаған.
Құқық қорғаушылардың сарапшылар кеңесі былтыр Әсет Әбішевті Қазақстанның саяси тұтқындар тізіміне қосқан.