Бүгін, 6 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында алдын ала жарияланған митингіге келген оншақты адамды полиция ұстап әкетті. Бұл туралы оқиға орнынан Азаттық тілшісі хабарлады.
Қазақстанда ресми тіркелмеген "Демократия партияның" жетекшісі Жанболат Мамай мен шетелде тұрып жатқан экс-банкир, оппозициялық саясаткер, билікті сынаушы Мұхтар Әблязов жақтастарын 6 маусымда митингіге шығуға шақырған алаңды полиция темір кедергімен қоршап тастаған.
Нұр-Сұлтан қаласында жиын сағат 11:00-ге белгіленген, бірақ ерте келген қатысушылар алаң жанындағы Хазірет Сұлтан мешітінің жанына жиналған. Полиция оларды сол жерден арнайы автобустарына күштеп отырғызып, алып кеткен.
Полиция Азаттық тілшісіне алаңның қоршалуы коронавируске қарсы дезинфекциямен байланысты деп айтқан. Бірақ Азаттық тілшісі дезинфекция жасаушылардың алаң ішінде ешқандай жұмыс жүргізіп жатпағанын хабарлады.
Сағат 11:00-ге қарай келген азаматтар алаң қоршауының сыртында биліктің митингіге жол бермеуіне наразылық білдіріп, талаптарын айтты.
Митингіге келгендер несиені амнистиялауды, биліктің орнынан кетуін, адам құқықтарының бұзылмауын талап етті.
Азаттық оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратып жатыр:
Митингінің 6 маусымға белгілену себептерінің бірі - Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 25 мамыр күні қол қойған "Бейбіт жиындар туралы" заң осы күннен күшіне енді.
Жаңа заң бойынша, бұрынғыдай бейбіт өткізуге әкімдік рұқсатын алу міндетті емес. Бірақ адамдар тек әкімдік белгіленген жерлерге ғана шыға алады және жиын өткізушілер өз ниеті туралы әкімдікті ескертуі тиіс. Адам құқығы жөніндегі сарапшылар заңның жиын өткізуге мұндай талап қоюы халықаралық стандарттар пен заңдарға сәйкес еместігін айтты.
Халықаралық Human Rights Watch ұйымының айтуынша, шараның формасына байланысты биліктің бейбіт жиын өткізу туралы берілген өтінішті мақұлдауға да, мақұлдамауға да құзыреті жетеді.
Алматы мен Шымкент қалаларында да митингіге шыққандарды полиция ұстап әкетіп жатқаны хабарланды.