Қырғызстанда белгісіз біреулер "3 арна" кеңсесіне от қойған

"3 арнаның" өртенген кеңсесі.

7 маусымға қараған түні Қырғызстанның Талас қаласында белгісіз біреулер "3 арна" кеңсесіне от қойған.

Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады. Арна жетекшісі Жаннат Токтосунова кеңсені әдейі өртеген деп санайды, ондағы барлық техника жанып кеткен.

"Менің ойымша, мұны әдейі жасаған сияқты. Белгісіз біреулер терезені сындырып, жанғыш заты бар бөтелке лақтырған. Оқиғаның немен байланысты екенін білмеймін. Ешкіммен ерегескен жоқпыз" деді ол.

Арна өкілдері оқиғаға байланысты милицияға арыз түсірген. Құқық қорғау органдары әзірге ресми ақпарат берген жоқ.

Қырғызстанның Талас облысынан ақпарат тарататын "3 арна" 2017 жылдан бері жұмыс істейді.