8 маусымда Нұр-Сұлтанда сотқа арызданып жүрген бірнеше тұрғын баспасөз конференциясын өткізіп, онлайн режимдегі соттардың сапасына сын айтты. Олар "сот орындары істі онлайн қараса, соған сай аппаратуралары мен арнайы мамандар бар кабинет жабдықиауы тиіс" дейді.
Төрт баланы патронаттық тәрбиеге алған Зейнеп Шәкірғанова бірнеше мәрте онлайн режимдегі сот отырысына қатысып, кісі өліміне қатысты айыпталып жатқан баласының заңды қорғаушысы ретінде ештеңе ести алмағанын айтады.
- [Онлайн сотта] біз ештеңе естімедік. Түрмедегі балам да естімеді. Осыншама ауыр айыппен оның өзін қорғауына мүмкіндік бермей, оны соттауға сот мүдделі болып отыр деп санаймын,- дейді ол.
Құқық қорғаушы Талас Сағымбаевтың пайымдауынша, "онлайн режимдегі соттар – судья мен прокурорға арналған процесс, ол жерде жауапкердің де, талапкердің де құқығы қарастырылмаған".
- Бізге карантинді, төтенше жағдайды көлденең тарта береді. Бірақ ол өмір бойы созылмайды ғой. Он-он бес жылды арқалап кеткенше, сотты екі-үш айға кейін шегерсін, - дейді ол.
Баспасөз конференциясына Көкшетаудан арнайы келген Ирина Мәженова да онлайн режимі салдарынан түрмедегі баласының құқығы сақталмай отырғанын айтады.
- Онлайн соттар шешімі заңсыз деп танылып, онлайн отырыстарды тоқтатуды талап етеміз. Кісі өлімі, экстремизм, терроризм тәрізді ауыр әрі салмақты баптарды қалайша онлайн қарауға болады? – дейді ол.
Азаттық тілшісі жиын өткізгендердің шағымына қатысты қандай да бір комментарий алу үшін Жоғарғы соттың баспасөз қызметіне бірнеше мәрте қоңырау шалғанымен, жауап болмады.
Қазақстанда коронавирус тарап, елде төтенше жағдай мен карантин жарияланғалы сот отырыстары онлайн режимге көшкен. 16 наурызда жарияланған ТЖ режимі 11 мамырда аяқталған, бірақ карантин қалған. Сондықтан сот отырыстары да әлі онлайн өтіп жатыр.
Жоғары сот сайтында төтенше жағдайдан кейін сот отырыстары қалай жалғасатыны туралы хабарлама жариялап, "сот отырыстарын тараптардың қатысуымен сот ғимаратында өткізуге айрықша жағдайда ғана жол берілетінін" мәлімдеді.