Жаңа Зеландияда коронавируспен ауырып жатқандар қалмады. Бір күн бұрын COVID-19 жұқтырған соңғы науқастың жазылғаны хабарланды. Екі аптада коронавирусты жұқтыру тіркелмеген.
8 маусымнан Жаңа Зеландия эпидемияға байланысты барлық шектеуді алып тастады. Тек шекара ғана жабық күйі қала береді.
Елде карантин 25 наурызда енгізіліп, сәуірдің соңынан шектеулер біртіндеп алына бастады.
Бес миллион тұрғыны бар Жаңа Зеландияда коронавирусты 1504 адам жұқтырған. Оның 22-сі қайтыс болған. Қалғаны жазылған.
Жаңа Зелания коронавирустан құтылған ең ірі елге айналды. Еуропада эпидемиядан Черногория арылған. Инфекция жұқтырғандар Исландияда, Словенияда және Хорватияда нөлге жақындап келеді.
Әлемде вирус жұқтырғандар артып келеді. Күніне кемі 100 мың адам қосылады. Оның көбі АҚШ пен Латын Америка елдеріне келеді. Коронавирустың таралуы бойынша сенімді ақпарат көзіне айналған Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, вирусты жұқтырғандар 7 миллионнан асып, 3,5 миллион адам жазылған, 400 мың адам қайтыс болған.