Бішкек "Нұр-Сұлтан импорт құнын төмендетіп көрсетеді" деп айыптады

Қазақ-қырғыз шекарасындағы "Ақ тілек" бақылау-өткізу пункті. Көрнекі сурет.

Қырғызстан Қазақстан билігінің екі күн бұрын айтқан сауда-саттық көрсеткіштеріне байланысты мәлімдемесін жоққа шығарды. Осы апта басында Қазақстанның қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік кіріс комитеті "Қырғызстан тауарлар экспорты мен импорт көрсеткіштерін 10 есе азайтып көрсетеді, ал Қытайда өндірілген тауарлар құны 400 есе арзандатылып жазылады, бұл бюджетке шығын келтіріп жатыр" деп мәлімдеген болатын.

Қырғызстанның экономика министрлігінің 9 маусым күні таратқан хабарламасына сәйкес, 2019 жылы Қырғызстан Қазақстанға құны 337,5 миллион доллар болатын тауар экспорттаған. Ал Қазақстанның статистика комитетінің дерегінше, Қырғызстаннан импортталған тауар құны 2019 жылы 251,9 млн долларды құраған. Бұл 85,6 млн долларға аз.

8 маусымда Қазақстан билігі 1,5 жыл ішінде (2019 жылдың қаңтар және 2020 жылдың маусым аралығы) Қырғызстаннан Қазақстан мен Ресейге (транзитті есептемегенде) 79 163 жүк көлігі өткен, мемлекеттік шекарадан өткен тауарлардың басым бөлігінің құжаты заңсыз толтырылғанын айтқан болатын. 9 маусымда Қырғызстан тарабы мұны да жоққа шығарған.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, 9 маусым күні қырғыз парламентінде де бұл мәселе қаралып, қазақ-қырғыз шекарасындағы "Ақ тілек" бекетінде жүк көліктері кезегінің ұзындығы жеті шақырымға жеткені, олардың Қазақстан жағына өте алмай жатқаны айтылған.

Қазақстан да, Қырғызстан да Еуразия экономикалық одағының мүшелері. 2010 жылы Ресей құрған, құрамында Қазақстан мен Беларусь бар ұйымға Армения мен Қырғызстан 2015 жылы қосылған еді.

ЕАЭО-ға мүше болу Қырғызстанға көп пайда әкелмеді деген тәрізді пікірлер соңғы уақытта Қырғызстанда жиі айтылып, үкімет мүшелері де растай бастаған.

Бұған дейін Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында 300-400 жүк көлігінің Қазақстан жағына өте алмай тұрғаны хабарланған еді.

Оқи отырыңыз: Қазақ-қырғыз шекарасында 300-400 жүк көлігі кептелісте тұр. Қырғыз вице-премьері шағым айтты