10 маусым күні Оралда белсенді Данияр Инжиғалиев қалалық прокуратура алдына келіп наразылық акциясын өткізді және үстіне жанармай құйып өзін өртеп жіберді. Қазір ауруханада жатыр. Дәрігерлер белсендінің өміріне қауіп жоқ екенін айтады.
"Өзін өртеп, денесін күйік шалған азамат қалалық монопрофильді ауруханаға келіп түсті. Қазір оның жағдайды жаман емес" деді денсаулық сақтау басқармасы.
Инжиғалиев қарсылық акциясы кезінде өзіне қатысты "Алаяқтық" бабы бойынша қозғалған іске наразылық білдіріп, кінәсіз екенін айтты.
- Олардың (биліктің – ред) мақсаты – мені жеті жылға соттау немесе үш жыл үйқамақта ұстау. Олар өздеріне қарсы адамдарға байланысты тырнақ астынан кір іздейді. Кінәсізбін, - деді Инжиғалиев өзін өртер алдында.
Қарсылық акциясы өткен маңда блогер Асланбек Сейсенбаев пен Аслан Сағутдинов те болды.
- Ол аяқталып қойған тергеуге келіспейтінін айтып, прокурормен кездестіруді сұраған. Данияр өзінің белсенділігіне бола полиция іс қозғағанына сенімді. Оттығын тартып алуға тырыстым, бірақ қолымнан келмеді, - деді Сағутдинов Азаттыққа.
Сағутдиновті полиция оқиға орнынан алып кетіп, бөлімшеде бір сағаттай ұстаған. Ол акцияны телефонға түсіргенін, видео сақталып тұрғанын және полиция телефонын уақытша алып қалғанын айтты.
Полиция оқиғаның "Өзін өлтіруге әрекеттену" бабы бойынша тіркелгенін мәлімдеді.
"Орал прокурорының орынбасары Шоқпанов Инжиғалиевке қылмыстық істің қазіргі сатыда тоқтатылмайтынын, іс сотқа жолданғанын және шағым айту уақыты өтіп кеткенін түсіндірген. Прокурор сөзімен келіспеген Инжиғалиев өзіне жанармай құйып, өртеп жіберді" деп хабарлады Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті.
Прокуратура Азаттық сауалдарына жауап бермеді және ресми хат жазуды сұрады. Заңға сай, мекеме хатқа екі аптаның ішінде жауап беруге құқылы.
Данияр Инжиғалиев ісіне қатысты соттың алғашқы отырысы 11 маусымға жоспарланған.