Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин мен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мінген тікұшақтың гидрожүйесі істен шығып, Тараз қаласынан 180 шақырым жерде аяқасты қонуға мәжбүр болған. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Хабарламаға сәйкес, 12 маусымда үкімет басшысы Жамбыл облысына сапарлап, өңір басшысы Бердібек Сапарбаевпен бірге тікұшақпен облысты аралаған.
Олар МИ-171 тікұшағына отырып, Қордай-Тараз бағытымен ұшып бара жатқанда техникалық ахау шығып, күтпеген жерден қонған. Қону аймағы – Тасөткел ауылының маңы. Тікұшақ “Қазавиақұтқару” акционерлік қоғамына тиесілі. Тіркеу нөмірі - № UP-MI705.
Осыған дейін жергілікті басылымдарда тікұшақта Қазақстан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та болған, Мамин екеуінің миы шайқалған деген ақпарат шыққан. Хабарлама ол ақпаратты жоққа шығарды.
“Авиациялық оқиға кезінде жолаушылар мен экипаж жарақаттанбады, әуе кемесі зақымданғанбады. Сондай-ақ, ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов тікұшақ бортында болған жоқ” делінген баспасөз хабарламасында.
Үкімет баспасөз қызметінің сөзінше, Қазақстан премьер-министрі резервтегі тікұшақпен сапары жалғастырған.
Іс-сапардан соң Елжан Біртановтың коронавирус жұқтырғаны анықталып, Асқар Мамин мен Бердібек Сапарбаев өзін оқшаулады.