Қарағанды облысының тұрғыны белсенді Ғалы Бақтыбаевты тапсырыспен өлтірді деп айыпталған күдікті өзіне тағылған айыпқа қарсылық ретінде аштық жариялады. Қарағанды тергеу изоляторында жатқан Иман Мияшовтың туыстары Қазақстан билігін жағдайға араласуға шақырды.
– Ұлымды бір жылға жуық [қамауда] ұстап отыр. Полиция оны кісі өлтірді деп айыптайды. Ол күні ол үйде болмады, досымен бірге туған күн тойлаған, оның ешқайда бармағанын растайтын куәгерлер бар, - дейді Азаттыққа кісі өлтірді деп айыпталған Мияшовтың анасы Ләззат Қасымова. – Президенттің мені естуін және араласуын өтінемін.
Қарағанды облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің айтуынша, тергеу бойынша қамауға алынған Мияшовтың тамақтан бас тартатыны туралы мәлімдемесі 4 маусымда түскен. Ол тек су ішуге болатын аштық жариялаған.
“Ер азаматтың жағдайы қанағаттанарлық, медицина қызметкерлерінің бақылауында. АК-159/1 мекемесінде екі рет өзінің денсаулығына қасақана зақым келтірген, екі жағдайда да оған мекеме жағдайында медициналық көмек көрсетілді. Аурухануға жатқызуға мұқтаж емес. Мияшов бұл әрекеттерін қылмыстық істің тергелуімен келіспейтінін білдіру үшін жасағанын айтады. Мекеме әкімшілігіне шағымы жоқ” деп жазды департамент бастығының орынбасары Бекболат Шәкіров Азаттық сауалына жауап ретінде.
Мияшов – Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының тұрғыны белсенді Ғалы Бақтыбаевты өлтірді деп айыпталған төрт күдіктінің бірі. Ауданының әлеуметтік мәселелерін көтеріп жүрген белсендіні 2019 жылы 28 мамырға қараған түні өз үйінің алдында басына оқ атып өлтіріп кеткен.