Өткен демалыс күні Алматы қаласының орталығында "Субботаж" шарасына қатысқан кемінде бірнеше белсендінің қамалғаны хабарланды. Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook-тағы парақшасында кемінде 8 белсендінің 15 күнге қамалғанын жазды.
Sud.kz сайтының ақпаратына сәйкес, 15 күнге қамалған белсенді Асхат Жексебаевқа Әкімшілік кодекстің 488-бап 6-тармағы ("Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу") бойынша айып тағылған. Сот шешімінде елде "экстремистік" ұйым деп танылған "Көше" партиясының мүшесі Жексебаевтың 13 маусымда Арбат аумағында өткен "заңсыз қоғамдық шараға қатысқаны", "белсенділер - экстремист емес", "Алға Қазақстан" деп айқайлағаны жазылған.
Ал белсендінің өзі сотта өзіне тағылған айыпты мойындамаған, сенбі күні кешке отбасымен бірге Арбатқа серуендеп барғанын, конституциялық құқықтарын жүзеге асырғанын айтқан. Оның қамау мерзімі 18 маусым кешкі сағат сегізден бастап есептелген. Sud.kz сайтындағы ақпарат бойынша, Марат Құрбановтың үстінен де жоғарыда көрсетілген бап бойынша әкімшілік іс қозғалған, бірақ сот шешімі әзірге жарияланбаған.
"Шеруге" қатысқан төрт белсенді Қайрат Қылышев, Бақдәулет Әлібеков, Абайбек Сұлтанов және Ермек Қазиевтің құқығын сотта қорғаған адвокат Жанар Балғабаева белсенділердің 15 күнге қамалғанын растады.
- Сот шешімін сөзсіз апелляцияға береміз. Адам құқығын сақтау жөніндегі қазақстандық бюро қолдауымен белсенділердің құқығын қорғадық, - деді адвокат.
19 маусымда Азаттық тілшісі Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына хабарласқанмен жауап ала алмады.
13 мамырда кешке Алматыда Панфилов көшесінің бойында жүз шақты адам шеру өткізген еді. "Субботаж" атты серуенге ұқсас шара кезінде жиналғандар музыкалық аспаптарда ойнап, кейбірі билеген. Оған қатысушылар "Белсенділер - экстремист емес" және "Алға, Қазақстан" деп айқайлаған. Полиция шараны бақылағанмен ешкімді ұстамаған. Оған қатысқан белсенділер шеруді әр апта сайын сенбіде өткізетінін айтқан еді. Шеру өтетін күн жақындаған кезде белсенділердің қамалып, кейбірінің қысымға ұшырағаны белгілі болып отыр. Жұма күні алматылық белсенді Сақып Жаңабаеваны полицияға шақырғаны анықталды.
- Мамыр айында сот "Көше партиясын" елде экстремистік деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысымен бір ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған еді. Қазақстан соты "экстремистік" деп таныған ҚДТ-ны Еуропарламент 2019 жылғы наурыз айындағы қарарында "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған. Оның жеткшісі оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов ҚДТ туралы сот шешімінің саяси астары бар деп санайды. "Көше партиясы" мен ҚДТ қызметіне тыйым салу туралы сот шешімдері жарияланбады.
- Бірнеше белсенді "Көше партиясына" қатысты сот шешімін апелляцияға бермек болып еді, Нұр-Сұлтан соты "шағым түсірушілердің іс бойынша тараптарға жатпайтынын" айтып, қабылдамаған.
- Былтырдан бері республиканың әр қаласында өздерін тіркелмеген «Көше партиясы» қозғалысының мүшесімін деп санайтын азаматтық белсенділер жиі наразылық акциясына шығып, адам құқықтары мен сөз бостандығы, митингіге қатысты талаптар қойып келеді. Құқық қорғау органдары оларды үнемі ұстап, түрлі әкімшілік жазаға тартқан. Сәуір айында ұйым мүшелері оны ресми түрде тіркететінін айтқан. Қазақстанның қоғамдық ұйымдары мен құқық қорғаушылар "Көше партиясы" қозғалысына қатысты шыққан сот шешімінің саяси астары бар деп сынаған.
- "Субботаж" деп аталған сенбі күнгі акцияға шығуға шетелде тұрып жатқан Мұхтар Әблязов шақырған еді. Бұған дейін осыған ұқсас бірақ шағындау акциялар Нұр-Сұлтан, Шымкент және өзге қалаларда өткен.