Арыс аумағын оқ-дәрілерден тазартуға 5 жыл кетуі мүмкін. Бұл туралы сәрсенбі күнгі онлайн-брифинг кезінде Қазақстан қарулы күштері бас штабы бастығының бірінші орынбасары Руслан Шпекбаев хабарлады.
"[Оқ-дәрілерден тазарту жұмыстары] Тез аяқталады деп айту ерте. Бірақ екі-үш-бес жыл көлемінде бітіп қалар" деді Шпекбаев.
Ол қарулы күштердің тазарту жұмыстарын тез аяқтауға тырысып отырмағанын, ең бастысы "алдағы уақытта ешкім зардап шекпейтіндей әрбір аумақты кезең-кезең бойынша мұқият тазалау" екенін атап өтті.
Былтыр маусым айында Арыс қаласындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасы жарылып, 4 адам қаза болып, ондаған адам жарақаттанған болатын. Мыңдаған үйге зақым келіп, Арыстың 40 мыңнан астам тұрғыны Шымкент қаласы мен төңірегіндегі елдімекендерге эвакуацияланған еді.
Сәрсенбі күнгі онлайн-брифинг кезінде төмендегідей мәлімет айтылды:
- Жарылыс болған аумақ 500 гектар жерді құрайды. 133 гектар (28,5 пайызы) аумақтың үстіңгі беті тазартылған;
- Бір жыл ішінде Арыстан шамамен 380 мың оқ-дәрі фрагменті әкетілген, олардың 300 мыңы - жарылуы мүмкін бөлшектер;
- Оқ-дәрі бөлшектерін жою бойынша негізгі жұмыс Арыс қаласынан 50 шақырым жердегі "Бастарма" полигонында жүргізіледі;
- Мобильдік саперлер тобына жергілікті тұрғындар тарапынан 740 өтініш түскен, 4,5 мың оқ-дәрі бөлшегі залалсыздандырылған.
Бұған қоса, брифинг кезінде Арыс қаласының инфрақұрылымы "90 пайыз қалпына келтірілгені" айтылды. Арыс қаласы әкімінің айтуынша, 8 мыңға жуық үйге жөндеу жүргізілген. "Кейбір үйлердің сапасыз жөнделгені немесе салынғаны туралы" шағымдарға байланысты жауап берген Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек "бірен-саран осындай жағдайлар болуы мүмкін. Бұл мәселе заң шеңберінде шешіледі. Егер тұрғын жөндеу жұмыстарынан кейін үйінен белгілі бір жасырын ақаулар тапса, біз мердігер компанияны шақырып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп береміз" деді.
Бұған дейін бірқатар тұрғындар жарылыстан бері бір жыл өтсе де, үйлерінің әлі жөнделмегенін айтып, билікті сөккен.
Оқи отырыңыз: "Үйіміз құлай ма деп қорқамыз". Бір жыл бұрын жарылыс болған Арыстың қазіргі өмірі қандай?
Шамамен екі апта бұрын Шымкенттегі әскери гарнизон сотында жарылысқа байланысты қозғалған іс бойынша сот басталған еді. Бұл істе 16 айыпталушы, 1 500 жәбірленуші бар.
Қарай отырыңыз: Арыстағы жарылысқа байланысты сот басталды. Алғашқы отырысқа 200-ден астам адам қатысты (11 маусым 2020 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5