Ақтөбеде пневмонияны емдейтін 400 орындық жаңа бөлім жасақталып жатыр. Ол облыс орталығындағы түбіркүлез диспансерінің базасынан бейсенбі күні ашылады. Бұл туралы 24 маусым күнгі онлайн-брифинг кезінде Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Светлана Есенаманова айтты.
Есенаманованың сөзінше, өткен тәулікте ауруханаларға пневмония диагнозымен тағы 88 адам түскен. Маусым айында облыстың 1257 тұрғынына пневмония диагнозы қойылған.
- Ақтөбеде пневмонияның бәсеңдеуі байқалмайды. Сәл азайғандай болады да, қайта көбейеді. Науқастардың 60-70 пайызы екіжақты пневмонияға шалдыққан, - деді Светлана Есенаманова онлайн-брифинг кезінде.
Оның айтуынша, ауруханадағы 28 науқастың халі ауыр, 10 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Ақтөбеде өткен түні пневмониядан тағы төрт адам қайтыс болған. Осылайша пневмониядан қайтыс болғандардың ресми саны 22 адам болды.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы пневмониядан аурухана төсегінде қайтыс болғандардың ғана есебін жүргізіп отыр. Сондықтан бұл "індет құрбандарының" нақты санын анықтау қиын. Яғни, түрлі себеппен ауруханаға жете алмай, үйінде қайтыс болғандар басқарма есебіне кірмеген.
Азаттық пневмониядан қайтыс болғандардың жалпы саны туралы мәліметті қалалық мәйітханадан да ала алмады.
- Біз пневмониядан қайтыс болғандар есебін бөлек жүргізбейміз. Өкпе патологиясынан қайтыс болды деп бәрін бір санатқа енгіземіз. Өкпе патологиясына қатерлі ісіктен өлгендер, пневмониядан қайтыс болғандар, т.б. кіреді. Маусым айында Ақтөбе облысында өкпе патологиясынан қайтыс болғандар саны күрт көбейді, - деді Ақтөбе өңіраралық сот сараптамалары орталығыны бас дәрігерінің орынбасары Жанна Нұрғалиева.
Қазақстанда бұған дейін Түркістан облысы, Шымкент қаласы, Қарағанды облысында да пневмония өршігені хабарланған еді.
Lada.kz сайтының жазуынша, 24 маусымда Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы да аймақта пневмонияға шалдыққандар күрт көбейгенін, провизорлық орталықта 450 науқас жатқанын мәлімдеген. Басқарма жетекшісі Жамал Жаманбаеваның айтуынша, науқастардың ешқайсынан коронавирус табылмаған, 25 науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.