Нұр-Сұлтан қаласының жедел жәрдем қызметіне соңғы аптада 28 мың қоңырау шалынып, оның тек 18 мыңы бойынша қызмет көрсетілді. Бұл туралы қаланың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Сәуле Қисықова мәлімдеді.
“Соңғы тәулікте жедел жәрдем қызметіне жүктеме артты. Аптасына тұрғындардан 28 мың өтініш келіп түскен. Қызмет көрсетілген шақырулыр саны 18 мыңға жуықтады» деді Қисықова орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Қисықованың айтуынша, 24 маусым күні жедел жәрдем қызметі 4,5 мың өтініш тіркеп, оның тек 2,8 мыңы бойынша қызмет көрсете алған. Өтініштердің 1300-і коронавирус инфекциясы жөнінде болған.
Басқарма жетекшісі қазір қалада 150 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеп жатқанын хабарлады.
COVID-19 індеті Қазақстанға келгелі Нұр-Сұлтан қаласында 4730 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Ауру белгілері оның 3484-інде бар, 1246-сында жоқ.
Қазақстан билігі 3 маусымнан бастап коронавирус жұқтырғандарды ауру белгілерінің бар-жоғына байланысты "ауырғандар" және "тасымалдаушылар" деп екі бөлек есеп жүргізіп келеді.