Ресей барлаушылары Ауғанстандағы халықаралық коалиция сарбаздарын өлтіру үшін тәліптерге қатысы бар содырларға ақша ұсынған. Бұл туралы Американың барлау қызметіндегі құпия дереккөзге сүйенген New York Times басылымы хабарлады.
Радикалдық топтар және оларға қатысы бар қарулы қылмыскерлер сол үшін қаржылай сыйақы алған. Былтыр Ауғанстанда 20 америкалық сарбаз қаза тапты. Олардың қаншасы тапсырыс бойынша өлтірілгені белгісіз. Басылымның жазуынша, құпия төлемақы туралы ақпарат бірнеше айдан бері белгілі болған. Ақпараттардың бір бөлігі тәліптерден сұрақ-жауап алу кезінде алынған.
Сыйақыны нақты кім төлегені белгісіз, бірақ америкалық сарапшылар бұл операцияны ресми түрде 29155 әскери бөлімі деп аталатын ресейлік ГРУ-дың құпия бөлімшесі жүргізген деп санайды.
Батыс барлаушыларының пікірінше, бұл бөлім диверсия, бүлік жасау, адам өлтірумен айналысып, Батысты тұрақсыздандыру кампаниясын жүргізеді. Дәл осы бөлім 2018 жылы наурыз айында Солсбериде (Ұлыбритания) Сергей мен Юлия Скрипальге шабуыл жасады деп күдікке ілінген.
Америкалық сарбаздарды өлтіру үшін сыйақы ұсыну туралы ақпарат президент Трампқа жеткізіліп, ұлттық Қауіпсіздік кеңесінің отырысында талқыланған. Газеттің хабарлауынша, бұған жауап ретінде ресми нота, санкция сияқты шаралар қолданылады. Әзірге түбегейлі шешім қабылданбаған.
Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Кремльдің бұл тәрізді айыптауларды естімегенін айтты.
"Егер сондай айып тағып жатса, жауап береміз" деді Песков. Американың ресми тұлғалары бұл ақпаратқа түсініктеме беруден бас тартты.