Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев 3 шілде күні халыққа үндеуінде қазіргі таңда әлемде миллиондаған адамға жұққан коронавирус індетінің зардабын Қазақстан халқы да тартып жатқанын, өзіне де инфекция жұққанын айтты.
Назарбаев Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін өз шешімі бойынша құрылған арнаулы Ұлттық қор мен алтын-валюта резерві "екі бірдей әлемдік дағдарысты жеңіп шығуға септігін тигізгенін" еске салды.
"Сол қаражат қазір үкіметке пандемияға қарсы ауқымды жұмыс пен тұрмысы төмендерге қолдау көрсету барысында көмегін тигізуде. Егер алдағы уақытта оны ақылмен, үнемдеп пайдалана білсек, өзге сын-қатерлерді де тиімді еңсере аламыз. Қазақстанның басқа елдер алдында қарызы ең төмен мемлекеттің бірі екені де біздің артықшылығымыз", - дейді бұрынғы президент.
Назарбаев "қазіргі президент пен үкіметтің қалыптасқан жағдайды түзету үшін қажетті барлық шараны қабылдап, дәрігерлердің қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанын" айтқан.
"Алайда бұл ауруды жұқтырудан сақтану көбінесе әр адамның өзіне байланысты. Төзімді болу керек, әсіресе, жастарға", - деген Назарбаев жұртқа гигиена талаптарын орындап, "тезірек вакцина пайда боларынан" үміт үзбей, "ауру жұқтырудан барынша ұзағырақ уақыт сау болуға тырысқан жөн" деген кеңес береді.
"Тәртіп сақтап, өз денсаулығымызды, туған-туыстар мен жақындардың амандығын ойлауымыз қажет, дәрігерлерге сену керек", - дейді экс-президент. Ол сырқаттанып қалған кезде өзіне қолдау танытқан барша адамға алғыс білдірген.
Қазақстанды отыз жылдай басқарып, былтыр наурызда президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың коронавирус жұқтырып, кейін айыққаны бұған дейін хабарланған.
Биыл 6 шілдеде Назарбаев 80 жасқа толады. Оның туған күні елде "Астана күнімен" тұспа-тұс келеді. Былтыр ол президенттіктен кеткен кезде мемлекет астанасының атауы Нұр-Сұлтан деп өзгерген.
Назарбаев президенттіктен кетсе де, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы және биліктегі "Нұр Отан" партиясының лидері ретінде биліктің бір тармағын уысында ұстап отыр. Өзі мемлекетті басқарған кезде қабылданған заңдарға сәйкес Назарбаев пен оның отбасына қылмыстық іс қозғауға болмайды.
Билікті сынаушылар Назарбаев қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ықпалын жүргізіп, елді әлі басқарып отыр деп санайды.