Қазақстан ел аймақтарында өкпесі қабынып ауырғандар мен дерт салдарынан өлім-жітім көбейгеннен кейін клиникалық хаттамаға "коронавирус инфекциясы болуы ықтимал" деген ұғым енгізді. Бұл туралы жұма, 3 шілде күні өткен онлайн брифингте елдің бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова хабарлады. Оның сөзінше, ПТР тестілеу қорытындысына қарамастан пневмониямен ауырғандарды емдеу COVID-19 клиникалық хаттамасы бойынша жүргізіледі.
"Кейінгі уақытта пневмония диагнозымен түскен науқастарды тексерген кезде ПТР қорытындысы оларда (инфекция) белгісі жоғын көрсетеді. Мұндай болуы да мүмкін, себебі коронавирус инфекциясы жоғары тыныс жолынан төменгіге өтіп кеткен соң ПТР-тест қорытындысы (вирус барын) әр кез көрсете бермейді", - деді Есмағамбетова.
Бірақ ол пневмония диагнозы қойылған қанша адамнан коронавирус анықталғанын айтпады. Есмағамбетованың сөзінше, биылғы жылдың алғашқы жартысында пневмониядан 1772 адам көз жұмған, олардың 628-і маусым айында қайтыс болған.
2 шілде күні денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда биыл жыл басынан бері пневмониямен ауырғандар саны 98 мыңнан асқанын, соның 32 мыңға жуығы бір ғана маусым айында тіркелгенін айтқан.
Пневмонияға шалдыққандардың көбінде ПТР тексеру барысында COVID-19 белгісі анықталмайды дейді дәрігерлер. Кей сарапшылар дерттің өршуі – коронавирус салдарынан деп санайды.
"Қазіргі кезде біз қолданатын тест талапқа сай емес немесе зерттеу қате жасалып жүр деуге негіз болатындай дерек жоқ", - деді Есмағамбетова.
Қазақстанда кейінгі бірнеше аптада пневмонияға шалдыққандар мен осы дерттен болған өлім-жітім Ақтөбе, Маңғыстау мен Павлодар облыстарында жиілегені байқалып отыр. Бірқатар өңірде, атап айтқанда Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласындағы медицина мекемелері пневмониямен ауырып, аурухана түсіп жатқандар күрт көбейгенін айтады.