Франция президенті Эммануэль Макрон премьер-министрі Эдуар Филипп пен үкіметтің отставкаға кету туралы өтінішін қанағаттандырды.
Қазіргі министрлер кабинеті жаңа үкімет тағайындалғанға дейін бұрынғы міндетін атқара береді.
Үкіметтің ауысатыны жайлы әңгімелердің айтылып жүргеніне біраз болды. Енді екі жылдан кейін президенттік мерзімі аяқталатын Макрон жақында "жаңа команда" құрылатынын жария еткен болатын деп хабарлайды Radio France Internationale. Бұған коронавирус індетінің салдары да себеп болған.
Кей болжамға сүйенсек, Макрон қазір өз саясатын әлеуметтік бағытқа көбірек бұрып, оның кабинеті ең алдымен бизнесті қолдауды мақсат тұтады деген көзқарасты жұмсартуға тырысады.
Эдуар Филипп премьер-министр қызметіне қайта тағайындала ма, жоқ па, әзірге белгісіз. Елисей сарайы (Франция президентінің отыратын жері – ред.) жаңа үкімет жетекшісінің кім болатынын жақын уақытта жариялайтынын хабарлады.
Филипп 2017 жылдың 15 мамырынан осы уақытқа Франция премьер-министрі болды. Оның алдында, 2010 жылдан бері Гавр қаласының мэрі болды. Биыл 28 маусымда Эдуар Филипп осы қала басшысының сайлауында тағы да жеңіске жеткен.