Гонконгте Қауіпсіздік туралы даулы заңның қабылдануынан бір апта өткен соң Қытай қауіпсіздік қызметінің офисі ашылды. Енді ішкі Қытай агенттері Гонконгте ресми жұмыс істей алады.
Заңның қабылдануына дейін Гонконг Қытайдың қауіпсіздік саясатына бағынбайтын жалғыз аймақ болатын.
Офистің ашылуы – Қытай ұсынған Қауіпсіздік туралы заңның алғаш рет жүзеге асуы. Бір аптада бұрын қабылданған заң гонконгтықтардың наразылығын тудырып, қарсылық акцияларына ұласқан еді.
BBC сайтының жазуынша, Гонконг басшысы Кэрри Лам сейсенбі 7 шілде күні наразылықтың “ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан жеңіл” өткенін және гонконгтықтарды “қорқытпай, шабуылдамай, құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруына” мүмкіндік берілетінін айтты.
Офис уақытша қаланың коммерциялық ауданы Козуей Бейдегі қонақүйде орналасты. Гонконгтағы демократияшыл белсенділер шеру және митинг өткізу үшін әдетте осы ауданға жиналады.
Офистің ашылу салтанатына Гонконг басшысы Кэрри Лам мен қауіпсіздік қызметтің Пекин тағайындаған басшысы Чжен Янсян қатысты.
Мекеме сыртына Қытай туы ілінді. Ал шара барысында қатысушыларды бомбаны зарарсыздандыру мамандарды күзетіп тұрды. Гонконг-Пекин арасындағы байланыс офисінің басшысы Луо Хуининг жаңа ашылған офистің “Гонконг тыныштығының және ұлт қауіпсіздігінің елшісі” деді.
Жаңа офисте қызмет ететін ішкі Қытай қауіпсіздік агенттері аймақ тарихында алғаш рет ірі қылмыстар бойынша қала тұрғындарын тергеп, қажет болған жағдайда күдіктілерді ішкі Қытайға экстрадициялау құқығына ие болып отыр.
Әдетте Коммунист партиясының бақылауындағы Қытай соттары айыптау үкімін жиі шығарады. Қауіпсіздік заңының қабылдануы – Гонконг 1997 жылы Британиядан Қытайға өткелі бері аймақ автономдығына нұқсан келтіретін ең салмақты өзгеріс.
Халықаралық қауымдастық Пекинді “бір ел, екі жүйе” қағидаты аясында кепілдік берілген еркіндікке нұқсан келтірді деп сынайды. Аталмыш қағидат аясында Гонконг ішкі істерін басқаруда Қытайдан едәуір тәуелсіз болатын.
Жаңа заң қабылданғалы анти-Пекин қозғалысының біршама белсенді мүшесі не елден кетті не әлеуметтік желідегі аккаунтын жапты. Бірқатар әлеуметтік желі компаниясы Гонконг полициясына қолданушыларының деректерін бермейтінін, ол деректі полиция қандай пайдаға жарататыны белгісіз екенін мәлімдеді. Ал жастар арасында танымал TikTok желісі Гонконгтен мүлдем кететінін хабарлады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қытай Гонконг қауіпсіздігін қолына алмақҚытай билігі ұсынған Қауіпсіздік туралы даулы заң Гонконг тұрғындарына Қытай орталық үкіметін сынауға тыйым салады. Тергеуді жабық жүргізуге, күдіктілерді тыңдау құрылғылары арқылы аңдуға және оларды ішкі Қытайға жіберуге мүмкіндік береді. Бұл заң аясында қоғамдық көлікке зақым келтіру сынды әрекеттер терроризм саналады. Заңға сай, интернет провайдерлері полиция сұраса, жеке адам мәліметін беруге міндетті.