Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 10 шілде күні таратқан мәлімдемесінде елде "өлім жағынан коронавирустан да қауіпті беймәлім пневмония" туралы "Қытайдың кейбір баспасөз құралы" таратқан ақпаратты "шындыққа сай емес" деп жоққа шығарды.
Анығында "беймәлім пневмония" туралы ол ақпарат алдымен Қытайдың Қазақстандағы елшілігінің ресми сайтында бейсенбі, 9 шілдеде жарияланған. Онда Қытай елшілігі өз азаматтарын Қазақстанда өкпе дерті қатты өршіп кеткенін хабарлап, кейінгі күндері қазақстандық шенеуніктер жария еткен – биылғы жылдың алғашқы жартысында елде пневмониядан 1772 адамның қайтыс болғаны, оның ішінде 628 адамның бір ғана маусым айында көз жұмғаны туралы деректі келтірген. Қайтыс болғандар арасында Қытай азаматтары да бар екенін жазған Қытай елшілігі "бұл дерттен өлгендер коронавирус пневмониясынан көз жұмғандардан да көп" деп хабарлаған. Қытай елшілігі сайтында жариялаған ақпаратта Қазақстанның Атырау, Ақтөбе облыстары мен Шымкент қаласында маусым айында осы дертке шалдыққандар "едәуір көбейгенін" жазған.
Қытай елшілігінің бұл хабарламасын сол күні Гонконгтің South China Morning Post газеті "Қытай елшілігі ескертеді: Қазақстанды коронавирустан да жаман өлтіретін "беймәлім пневмония" жайлады" деген тақырыппен мақала жариялады.
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 10 шілдеде таратқан мәлімдемесінде Қытай елшілігін атамай, қайсысы екені белгісіз "Қытай бұқаралық ақпарат құралдарын" сөккен.
Министрлік мәлімдемесінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықаралық аурулардың жіктемесіне (ХАЖ-10) сай, егер коронавирус клиникалық немесе эпидемиологиялық тұрғыдан диагностикаланғаны, яғни өкпенің қабынуы анықталған, бірақ зертханалық зерттеуде расталмаған жағдайларда пневмония үшін кодтар енгізгенін жазады.
Жұма күні Пекиндегі брифингте Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі Чжао Лицзянь бұл мәселе жайлы сауалға жауап беруден бас тартып, "Қазақстанның тиісті органдарынан" сұрауға кеңес берген.
"Қытай да бұл туралы ақпаратты білгісі келеді", - деді ол.
Қазақстанда кейінгі апталарда пневмониямен ауырғандар күрт артып кетті. Дерттен көз жұмғандар күн сайын көбейіп жатыр. Бұл дертке шалдыққандардың көбінде коронавирус симптомдары байқалады, бірақ COVID-19 бар-жоғын тексеретін тестілеу қортындысы вирус жоқ деп көрсетеді.
Мамандар мен сарапшылар елде жаз мезгілінде пневмонияның әдеттен тас күшейгенін коронавирус инфекциясымен байланыстырады. Билік мұны жанама түрде мойындады: клиникалық хаттамаға "коронавирус инфекциясы болуы ықтимал" деген ұғымды, ал пневмонияға шалдыққандарға да коронавирус жұқтырғандарды емдеу әдісін қолдануды енгізді. Бірақ билік COVID-19 жұқтырғандар статистикасына тек ПТР тестілеу қорытындысында коронавирус жұқтырғаны анықталған деп көрсетілген науқастарды да енгізеді.