Бүгін, 14 шілде күні Семей қаласында Semey Bus автобус паркінің қырыққа жуық қызметкері ереуілге шықты. Олар парктен шығатын жолды бөгеп, автобустардың шығуына жол бермей қойды. Көп ұзамай ереуілшілерге полиция келіп, парк қақпасынан арырақ тұруды талап етті.
Басшылықпен кездесуді осыған дейін бірнеше рет талап еткен, бірақ дегеніне жете алмаған парк қызметкерлері жалақысының осымен оныншы күнге кешіккенін, осы күндері ақшаға қатты зәру екенін айтты. Олардың сөзінше, қызметкерлердің жартысы карантинге байланысты үш ай жұмыс істемеген. Өйткені қоғамдық көліктің жұмыс істеу уақыты қысқарған, ал автобус жүргізушілері мен кондукторлар ақысыз демалысқа жіберілген.
— Үш жарым ай бойы жұмыс істемедім, ақшасыз жүрмін. Мұның бәріне қалай шыдауға болады? Біз жалақымызды беруін сұраймыз. Күн сайын "ертеңге" ысыра береді, — дейді кондуктор Шолпан Серғазина.
Автопарк қақпасында шамамен бес сағат тұрған қызметкерлер тарап кетті. Кейінірек парк диспетчері жүргізушілер мен кондукторларға жалақының тәулік ішінде түсетінін хабарлаған.
Парк қызметкерлерінің жалақының кешігуінен өзге де шағымдары бар. Ондаған адамның айтуынша, коронавирус індетінің тарауына байланысты наурыздың ортасында енгізіліп, мамырдың басында алынған төтенше жағдай кезінде жұмыс беруші қызметкерлері үшін зейнетақы жарнасын төлемей, қызметкерлердің көбі табысынан айырылғандарға берілген 42 500 теңге көлеміндегі мемлекеттік жәрдемақыны ала алмаған.
— Жалақы бере алмай отыр. Зейнетақы жарнасы қыркүйектен төленбеген. Медсақтандыру, салық, зейнетақы жарнасы – осының бәрін санайды, бірақ бізде ол жоқ. Баланың азығын таба алмай отырмыз, — дейді автобус жүргізушісі Жұмангелді Уәлиев.
Semey Bus мекемесінің міндетті зейнетақы жарнасы жөнінде қарызы болған. Бір ай бұрын оның есепшоты бұғатталған. Қарыз көлемі 100 миллион теңгеге жеткен. Мемлекеттік кіріс комитетінің мәліметінше, қарыздың бәрі қайтарылған.
Көптеген қызметкер автопарктегі соңғы күндерін өткізіп жүр. Мекеме басшылығы автобустар салондарына валидатор орнатылатындықтан, екі жүзден астам кондукторды жұмыстан шығару туралы шешім қабылдады.
Semey Bus қызметкерлері жалақының уақтылы төленбеуі және еңбек құқығының сақталмауына алғаш рет шағынып отырған жоқ. Ақпан айында тоқтаусыз дау-дамайдың салдарынан автопарк басшылығы ауысқан. Мекеменің 49 пайызын меншігінде ұстап отырған Семей әкімдігі жағдайға ашық араласпай отыр.