Ұлыбританиядағы Оксфорд университетінің ғалымдары коронавирусқа қарсы вакцинасының алғашқы сынағы сәтті аяқталғанын мәлімдеді. Зерттеушілердің сөзінше, сынаққа қатысқан жүздеген адамда коронавирусқа қарсы антидене мен Т-лимфоциттер пайда болған. Зерттеу жайлы 20 шілдеде танымал Lаncet медициналық журналы жариялады.
Халықаралық басылымдар AZD1222 деп аталатын вакцина үлкен үміт сыйлайтынын жазып жатыр. Вакцинаның пайдасы толық дәлелдену үшін сынақ әлі жалғасады. Ғалымдар вакцинаны ОАР, АҚШ, Бразилияда мыңдаған адамға екпек. Ғалымдар вакцина сынағын сәуірде Ұлыбританияда қолға алған еді.
Вакцина дайындауға қатысқан ғалымдардың бірі Адриан Хилл AP агенттігіне сынаққа қатысқан мыңнан астам адамда коронавирусқа қарсы иммунитет пайда болғанын айтқан. Хиллдің сөзінше, вакцина сәтті сынақтан өтсе, Оксфорд университеті дәрі-дәрмек жасайтын AstraZeneca компаниясымен бірге 2 млрд доза екпе дайындауға дайын.
BBC сайтының жазуынша, вакцина сынағына қатысқан адамдардың 70 пайызында бас ауруы және қызу көтерілу байқалған. Ғалымдардың сөзінше, бұл әсерді парацетамолмен басуға болады.
15 шілдеде америкалық Moderna компаниясының коронавирусқа қарсы вакцинасының сынағына қатысқан еріктілердің бойында ауруға қарсы иммунитет пайда болғанын хабарлаған.
Әлемде COVID-19 коронавирусы 14,5 миллионға жуық адамға жұқты. Қайтыс болғандар 606 мыңнан асты. 8,1 миллионнан астам адам дерттен айықты.