Ақтөбе облысы Шалқар ауданында оқ жарықшақтары тиген 28 жастағы полиция сержанты хәл үстінде жатыр. Бұл туралы Азаттыққа Шалқар аудандық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Есенғали Көпенов айтты.
- Пациенттің басына, мойны мен кеудесіне оқ жарықшағы тиген. Ота жасалды. Жағдайы тұрақты ауыр. Әзірге бақылап отырмыз. Бұдан да ауырлап кеткен жағдайда санавиациямен облыс орталығына жібермек ойымыз бар, - дейді дәрігер.
Оқиға Шалқардың "Жұмысшылар қалашығы" деп аталатын ауданында болған. Қызмет бабымен жүрген полиция қызметкерлері 20 шілдеге қараған түні күдік туғызған көлікті тоқтатып, тексермек болған. Сол кезде ВАЗ-2114 көлігінде отырған жолаушылардың бірі полиция сержантына оқ атқан.
Ақтөбе полиция департаментінің мәліметінше, қылмысқа күдікті ретінде Шалқар қаласының 22-23 жастағы үш тұрғыны ұсталған. Олардан шолақ мылтық тәркіленген.
"Күдіктілердің бірі қамалды, өзге екеуі тергеліп жатыр" дейді полиция.