Қазақстанда жұмыс кезінде пневмонияны жұқтырған немесе одан қайтыс болған медицина қызметкерлеріне өтемақы төлеу мәселесі қаралып жатыр. 21 шілде күнгі брифинг кезінде денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осылай деп мәлімдеді.
- Қазір біз бұл мәселені қарастырып жатырмыз. Егер олар ортақ графаға (коронавирус пен пневмония статистикасы - ред.) біріктірілсе бірқатар нормативтік құжаттарды өзгертуді талап етеді. Бұл мәселені әріптестерімізбен бірге талқылап жатырмыз, - деді министр.
Қазақстан 1 тамыздан бастап қоздырушысы белгісіз я зертханада расталмаған вирустық пневмонияны коронавирус статистикасына қоспақ. Қазақстанда ресми мәлімет бойынша, жыл басынан бері 15 шілдеге дейін 234 мың адам пневмонияға шалдыққан, оның 3,3 мыңы қайтыс болған. Бұған дейін министрлік мұның қаншасы қоздырушысы белгісіз пневмония екенін ашып айтпаған.
Сәуір айында денсаулық сақтау министрлігі жұмыс кезінде коронавирус жұққан немесе COVID-тан қайтыс болған дәрігерлер мен олардың отбасына өтемақы төленетінін айтқан еді. Министрдің айтуынша, қазір республика бойынша 123 дәрігердің коронавирусты жұмыста жұқтырғаны анықталған. Кәсіби міндетін атқару барысында 59 медицина қызметкері коронавирус жұқтырып, қайтыс болған.
21 шілде күнгі брифинг кезінде Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап берген денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаят елде 40 әйелдің коронавирус жұқтырып, COVID-тен қайтыс болғанын айтты. Оның айтуынша, коронавирусқа байланысты бала өлімі тіркелмеген. "Нұр-Сұлтандағы зираттарға барған кезде кішкентай баланың қабірін көрдік, мұны қалай түсіндіресіз?" деген сұраққа вице-министр:
- Енді оны факт бойынша қараған жақсы еді. Былай егер сіз айтып отырған өте кішкентай бала болса, мүмкін коронавирус [тесті] оң болған анадан дүниеге келген бала болуы мүмкін. Бірақ коронавирустың салдарынан асқынып ауруы қайтыс болған бала тіркелген жоқ", - деп жауап берді.
Сейсенбілік брифинг кезінде министрлік өкілдеріне коронавирус диагнозы қойылған, бірақ өлім-жітімді зерттеу комиссиясы "басқа аурудан қайтыс болды" деп шешім шығарған адамдар саны туралы да сұрақ қойылды. Ажар Ғинаяттың айтуынша, өлім-жітімді зерттеу комиссиясы қазір 150 адам өлімінің себебін зерттеп жатыр. Дегенмен ол нақты қанша "коронавирустан қайтыс болған жоқ" деген шешім шығарылғанын ашып айтпады.
Қазақстанда соңғы мәлімет бойынша, коронавирус жұқтырғандар 73,4 мыңнан асты. 43 мыңнан астамы немесе шамамен 60 пайызы жазылған. 610 адам қайтыс болған. Сейсенбі күні таңертеңгі үкімет отырысы кезінде министр Алексей Цой елде коронавирус ахуалы тұрақтала бастады, ауруханалардағы орын тапшылығы біртіндеп азая бастады деп мәлімдеген.