Сәрсенбі, 22 шілдеде Ресейдің Қиыр Шығысындағы Хабаровск қаласында өлкенің бұрынғы басшысы Сергей Фургалдың жақтастары тағы митинг өткізді. Олардың наразылық шарасын өткізіп жатқанына 12 күн болды. Бұл жолы наразылар Ресей президенті Владимир Путиннің отставкаға кетуін талап етті.
Орталық алаңға жиналғандар "Путинді отставкаға" және "20 жыл - сенім жоқ" деп айқайлап ұрандатты.
Полиция митингінің өтуіне кедергі жасаған жоқ. Адамдар Фургалдың орнына Михаил Дегтяровтің тағайындалуын айыптап, түрлі ұран көтеріп, шеру жасады.
Путин 20 шілдеде Михаил Дегтяревті Хабаровск өлкесінің уақытша губернаторы қылып тағайындаған. 21 шілдеде Дегтярев Хабаровскіге келгенмен наразылар алдына шыққан жоқ. Ертесінде Instagram-дағы парақшасында видео жариялап, Хабаровскіде қалатынын айтып, алдағы сотта Фургалға сәттілік тіледі. Ол қаладағы наразылықтың артында "біреу тұр" дегенмен кімді меңзегенін ашып айтпады.