Қазақстанда COVID жұққан 319 адам "ілеспе аурудан қайтыс болған". Бұл туралы 23 шілде күнгі брифинг кезінде бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова хабарлады.
- Өлім-жітімді зерттеу комиссияның қорытындысы бойынша, 319 адам коронавирустан емес, ілеспе аурудан қайтыс болған, - деді Есмағамбетова.
Қазақстанда сәуір айының соңында коронавирус жұққан қайтыс болған адамдардың өлімінің себебін зерттейтін комиссия құрылған еді. Комиссия COVID жұққан адамдардың өлімінің себебін зерттеп, марқұмның өліміне вирус себеп болғанын-болмағанын анықтауы тиіс. Комиссия коронавирустан қайтыс болды деп қорытынды жасаған адамдар дерегі ғана ресми статистикаға енгізіледі.
22 шілдеге дейін комиссия 610 адамның коронавирустан қайтыс болғанын анықтаған. Дегенмен елде коронавирус туралы ресми статистикаға күмән келтіретін сарапшылар бар.
Бұған дейін Азаттық тілшілері коронавирус зиратына жерленгендер саны мен ресми мәліметтің сәйкессіздігін анықтаған болатын.