Украина әскерилері елдің шығысында атысты тоқтату режимі күшіне енгеннен кейін ресейшіл сепаратистер келісімді бұзды деп мәлімдеді. Сепаратистер мұны жоққа шығарды. Атысты тоқтату режимі 27 шілдеде күшіне енген. Өткен аптада Украина, Ресей және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы өкілдері қатысқан кездесуде тараптар уақытша бітімге келген еді.
Алайда Украина әскерінің мәлімдемесіне сәйкес, сепаратистер Донецк облысы Новомихаиловка және Ужовка елді мекендерінің маңында атысты қайта бастаған. Украина әскерилерінің хабарламасында қарсы тараптың атыс қаруы, граномет, ірі калибрлі пулеметпен атқылағанына қарамастан ешкімнің зардап шекпегені айтылған. Украина әскерилері режимді сақтай беретінін айтты.
Ал Донецк облысындағы сепаратистер Киев мәлімдемесін жоққа шығарып, режимді бұзбағанын айтты.
2014 жылы Украина шығысындағы Донецк мен Луганск облыстарында қарулы қақтығыс басталғалы бері атысты тоқтату бойынша 20-дан астам талпыныс жасалған.
Украина шығысындағы қақтығыстың кесірінен 13 200-ден астам адам қаза болған.